×

Спорт колледжі жабылмайды - Абаев

Жаттықтыру орталығы соның жанынан ашылады

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2022 | 12:00
фото: alem-edu.kz

Жақында Алматыда Республикалық спорт колледждің ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап, аталған білім ошағының жабылуына байланысты үндеу жолдаған болатын.

Осыған байланысты спорт ордасын 14 жыл басқарған Амалбек Тшанов, мектептің түлектері, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, ауыр атлетикадан әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қазақ Жасұлан Қыдырбаев, спорт журналисі Алим Анапьянов пен басқа да азаматтар баспасөз-мәслихатын өткізіп, ешқандай себепсіз жабылған колледж ұжымы мен сонда оқитын 500 баланың ата-анасының жанайқайын жеткізген еді.

Енді міне, көп адамды алаңдатқан мәселе өз шешімін тапқан сияқты. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматыдағы Республикалық спорт колледжі өз жұмысын жалғастыра беретінін, оның жабылмайтынын айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады.

«Колледжде оқып жатқан балалар, олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары оқу орны жабылып қалады деп алаңдаулы екенін жақсы білемін.

Сол себепті өткен жұма күні Алматыдағы республикалық маңызы бар мектеп-интернаттарды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткіздік. Жиынға спорттық білім беру ұйымдарының директорлары шақырылды. Ашық әрі сындарлы әңгімеде ортақ бір шешімге келдік.

Сонымен, колледж орнына ашылуы тиіс Жаттықтыру орталығы енді сол білім ордасының жанында ашылады», - деді ол.

Осы ретте, министр орталықтың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, спорт мекемелерінің қадамына оң серпін беруі керектігін, мұнда талантты спортшыларымыз өзінің спорттық мансабын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алатынын, мекеме кешенді ғылыми топтың қатысуымен озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрылатынын атап өтті.

Одан әрі ол 2022-2023 оқу жылында бірінші курс студенттерін қабылдау кезінде іріктеу жұмыстарын мұқият жүргізуді тапсырғанын айтты.

Ал 2011 жылы колледж жанынан ашылған тәжірибелік кластар туралы ол былай деді:

«Бұл сыныптарда оқыған балалар сапалы спорттық білім алып, материалдық базасы стандартқа сай оқу орнында спортпен шұғылдануы тиіс. Сондықтан аталған сыныптар «Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ мен Алматы қаласы Шаңырақ ықшам ауданындағы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ-не ауысады», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама