Қарабұлақ – Сайрам ауданындағы халқы тығыз орналасқан ауылдардың бірі
Бүгін Үкімет отырысында ауылдық аймақтарды дамыту іс-шаралары талқыланды. Мәселен Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында (Сайрам ауданы) 60 мыңға жуық тұрғын бар екен.
Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысының әкіміне сұрақ қойып, болашақта халық саны тығыз ауыл мәртебесін өзгертуге қатысты пікірін білді.
«Еліміздегі ең үлкен елді мекеннің бірі – Қарабұлақ ауылы. Онда 60 мыңға жуық адам тұрады. Ауылға қатысты не айтасыз? Оның мәртебесін өзгертеміз бе?» деп сұрады Үкімет басшысы.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Қарабұлақ – аграрлы ауыл. Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы және ірі қара мал басының 47 пайызы Қарабұлақ ауылына тиесілі екен.
«Қарабұлақ – Сайрам ауданындағы халқы тығыз орналасқан ауылдардың бірі. «Қазақстанның әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар қалаға жатқызу үшін ірі экономикалық және мәдени орталықтар болып саналатын дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар елді мекендер кіреді. Қарабұлақ ауылында халық саны 53 мыңнан асады. Ауылда 20 мектеп, 14 жекеменшік балабақша, 2 колледж, 9 денсаулық сақтау мекемесі, 1 мәдениет үйі қызмет көрсетеді. Қарабұлақ – аграрлы ауыл. Аудан бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы осы ауылға тиесілі», - деді өңір басшысы.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қарабұлақ ауылында 42 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Аудан бойынша ірі қара мал басының 47 пайызы Қарабұлақ ауылына тиесілі.
«Аудандық маңызы бар немесе облыстық маңызы бар мәртебесін берген жағдайда ауыл тұрғындары бірқатар мүмкіндіктен шектеледі. Атап айтқанда, ҰБТ кезінде оқушыларға берілетін ауылдық квота, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға көрселітені әлеуметтік қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар.
Қала мәртебесін алған жағдайда ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болмай қалуы мүмкін.
Елді мекенге аудандық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, бұл мәселені талқылады. Олардың бәрі қарсы болып отыр. Біз де мұны тиімсіз деп ойлаймыз», - деді облыс әкімі.