×

Елтаңбаны өзгертуге қанша қаржы керек – министр жауабы

Қаржы министр Елтаңбаны өзгертуге асықпауға шақырды

 Дәурен Ерболат 19.03.2024 | 11:44
көрнекі фото: Kazinform

Елтаңбаны өзгерту мәселесі нақтылап алғаннан кейін ғана қаржы көзі анықталады. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Сіз Елтаңбаны өзгерту мәселесі талқыланып жатқанын жақсы білесіз. Президент Ұлттық құрылтайда бұл мәселені талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, қоғам аталған мәселеге қолдау білдірсе, оны одан әрі талқылау керек. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Онда осы мәселе нақты қарастырылады. Мәселе оң шешімін тапса, қалған шығындар анықталады», - деді Мәди Такиев Үкіметтің баспасөз орталығында.

БАҚ өкілі министрге «Елтаңбаны өзгертуге қаржы қайдан алынады?» деп сұрақ қойды.

Алдымен бірінші мәселені шешіп алайық, - деді Қаржы министрі.

Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда айтты.

«Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр»,  - дейді Тоқаев.

Президент мұны орынды пайым деп атап, ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болатынын айтты. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Содан кейін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады.

1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның туы, елтаңбасы мен әнұраны ресми түрде бекітілді. Ал 2007 жылы «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

1992 жылы алдымен мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобы құрылған. Шығармашылық комиссия да жасақталды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері енді. Осыдан кейін елтаңба, ту, әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланды.

Конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Соның ішінен суретші Шәкен Ниязбековтың нұсқасы бекітілді.

Конкурсқа елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі ұсынылды. Сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылды.

Рәміздер конкурсында әнұранның 750 нұсқасы да қаралды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтауға шешім қабылданды. Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасы қалды. Ал үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы Қазақстанның жаңа мемлекеттік әнұраны қабылданды. Халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама