Ақтөбеде монополист ұйым 45 кәсіпкерге негізсіз кедергі келтірген
Компания талаптарын орындамаған жағдайда тұтынушыларға электр энергиясын беруді тоқтатпақ болған
Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 45 кәсіпкер Aqtobe su-energy group АҚ-ның негізсіз әрекеттері бойынша шағымданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Монополист кәсіпкерлерге тұрақты негізде жылына 27,3 млн теңге төлей отырып, электр қондырғыларын бірлесіп пайдалануға шарт жасасу туралы заңсыз хабарлама жіберген.
Жүргізілген мониторинг шеңберінде электр қондырғыларын бірлесіп пайдалануға шарт жасасуды талап ететін хабарламалар биыл 10 қаңтарда жіберіліп, оның 1 ақпанға дейін орындалуы қажеттігі анықталды. Бұдан басқа, шартты орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмеген.
Сондай-ақ монополист хабарламада талаптарды орындамаған жағдайда электр энергиясын тұтынушыларға беру тоқтатылатынын көрсеткен.
Осылайша, кәсіпкерлерге әр айдың 25-не дейін төлем жасай отырып, электр қондырғыларын бірлесіп пайдалану туралы заңсыз шарт жасасу жүктелген.
Департамент кәсіпкерлерге хабарлама жіберудің себебі монополистің теңгеріміндегі трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін, бұл ретте осы шартты жасасу үшін заңды негіздер болмағанын анықтады.
Осыған байланысты департамент Aqtobe su-energy group АҚ-ға электр қондырғыларын бірлесіп пайдалануға шарт жасасу қажеттілігі туралы заңсыз хабарламаларды кері қайтарып алу туралы ұсынымдар жолдады. Сондай-ақ мүдделі тұлғалармен жиын өткізді.
Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша кәсіпкерлерге жолданған заңсыз хабарламалар кері қайтарылды. Бизнес субъектілерінің құқығы қорғалды.