Жас өнертапқыш қазір өз жобасына авторлық құқық алуды жоспарлап отыр
Астаналық оқушы қарды техникалық суға айналдырып, пайдаға жаратуға мүмкіндік беретін жоба жасады. Өнертапқыш бұл жобасымен Қазақстанда қосымша су көздерін ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Даниал Ысқақовтың жобасы қаладағы қарды пайдалану арқылы тұрғындарды техникалық сумен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл жобаны 2023 жылдың сәуір айында бастаған.
«Қазір Қазақстанда су тапшылығы проблемасы бар. Бұл жоба қосымша су көздерін ашып, пайдалануға мүмкіндік береді. Бастапқыда бұл жүйе станция болады деп жоспарланбаған еді. Мен алдымен қарды жинайтын робот пен оны ерітетін станция жасаймын деп ойладым. Бірнеше нұсқасын қарадым, соның бірі – станцияны үйдің төбесіне орнату болды. Бір сәулетшімен сөйлесіп көрдім, сонда станция үйдің төбесіне ауыр жүктеме болатынын айтты. Сосын ол идеядан бас тартуға тура келді. Сонымен қатар робот жасау ойымнан да бас тарттым, себебі бағасының қымбат болуына байланысты ол тиімсіз болатын еді. Сондықтан қарды ерітіп, суды үйге тарататын станция болады деп шештім», - дейді оқушы.
Оқушының бұл жобаны іске асыруына жетекшісі мен білім ордасы қолдау көрсеткен. Айтуынша, жүйе жұмыс істеуі үшін электр энергиясы керек. Сондықтан, жүйеге күн энергиясын өндіретін панельдер орнатылады.
«Басқа да энергия көздерін пайдалануға болады. Ал жүйе жұмыс істеуі үшін алдымен қарды жинап, контейнерге салу керек. Оны ертіру үшін шойын батареялар пайдаланылады. Қарды шойын батареялардың ішіндегі судың көмегімен ерітеді. Су еріген соң сорғының көмегімен үйдің шатырындағы резевруарға жіберіледі. Ол су тұрғындарға техникалық су ретінде пәтерлерге жіберіледі. Яғни еріген су техникалық мақсатта пайдаланылады. Мен техникалық судың қосымша көзін таптым деп ойлаймын. Өйткені, бұл жоба техникалық мақсатта пайдаланылып жатқан ауыз суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Өздеріңіз білесіздер, қазір көлік жуу, жуыну үшін ауыз су пайдаланылып жатыр», - деп қосты оқушы.
Еске сала кетейік, бұған дейін су ресурстарын зерттеуші Жәния Хайбуллина еліміздегі ауыз судың басым бөлігі техникалық мақсатта жұмсалып жатқанын айтқан болатын. Мәселен, Алматыдағы ауыз судың 60 пайызы техникалық су ретінде (унитазға ағызу, көлік, асфальт жуу және т.б.) пайдаланылып жатыр.
«Мысалы, бір ғана Астанада жыл сайын 600 млн келіден астам ауыз су техникалық су ретінде пайдаланылып жатыр. Ауыз судың шығынын азайту үшін осы жоба кәдеге жарайды. Жүйе өте қарапайым. Бұл жүйені пайдаланатын үйдің жертөлесінде резервуар, ал оның үстінде қоқысын тазалайтын фильтр болады. Осылайша су тазарады, оны әрі қарай пайдалануға болады. Алайда оны ауыз су ретінде пайдалану үшін биологиялық фильтр орнату қажеттігі туындайды. Бұл жоба құнының қымбаттауына әкеледі, дегенмен осы әдіспен қардан ауыз су алуға болады», - деді өнертапқыш.
Оқушының айтуынша, жүйені көпқабатты тұрғын үйлер мен жер үйлер де пайдалана алады. Қазір ол өз жобасына авторлық құқық алуды жоспарлап отыр.
«Патент алған соң, шынайы қондырғыны жасап оның тиімділігін көрсетіп, ірі құрылыс компаниялары мен мемлекеттік ұйымдарға таныстырып көремін. Бұл жобаны тек Астанада емес, Қазақстанның барлық өңірінде қолдануға болады. Жүйе ұзақ уақыт жұмыс істей алады, себебі көптеген көпқабатты үйлерде кеңес дәуірінде орнатылған батареялар әлі жұмыс істеп тұр. Қазір мемлекет жаңа су көздерін табатын осындай жобалардың көбейгеніне мүдделі. Соңғы жылдары елде су тапшылығы сезіле бастады, мамандар алдағы уақытта оның одан сайын өршитінін айтып отыр. Мемлекеттің қызығушылығы болса, халықтың да қызығушылығы болады деп ойлаймын», - деді Даниал Ысқақов.
Даниалдың бұл жобасы Таразда мектеп оқушылары арасында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында үшінші орын алған.
«Бұл - мектебіміздегі суға қатысты жасалған алғашқы жоба. Өз бастамамыз болған соң, қажетті құрал-жабдықтарды өзіміз іздедік. Біздің мектепте 3D технологиялар лаборанттары бар, солар көмектесті. Жүйені орнатып, іске қосу үшін қажетті құралдардың бәрі елімізде қолжетімді. Өте қарапайым қондырғы. Мемлекет басшысы Алматыға барғанда «қосымша су көздерін табу» туралы тапсырма берді. Астана әкіміне де сондай тапсырма беріп жатыр», - дейді жоба жетекшісі, НЗМ физика пәнінің мұғалімі Қарақат Қанаева.
Сондай-ақ ол жүйе сумен қатар, электр энергиясы мен жылу тапшылығын шешуге көмектесетінін айтады.
«Қондырғы жылу жүйесінің көмегімен жұмыс істейді, ол әр үйде бар. Бу қазанын қаланың жылу электр станциясы деп алсақ, оған көп шығын келтірмеу үшін насостың көмегімен шойын батареядағы су айналып тұрып, жылу беріп тұрады. Мысалы, тұрғын үйлерде үй ысып кеткенде терезені ашып қояды. Орталық жылу жүйесі жылуды реттеп үлгермей жатады. Үлкен қазандықтардың градусын бір көтеріп, бір төмендетіп отыру мүмкін емес. Жылу жүйесі қарды еріту үшін пайдаладынады. Сондай-ақ ауа температурасы төмендегенде жылу жүйесі қатып қалмауы үшін күн панельдерін орнатуды ұсынып отыр. Яғни, бұл жүйе үш бірдей проблеманы – су, энергия мен жылу тапгылығын шешуге көмектеседі», - деді Қанаева.
Ал өнертапқыштың өзі жүйені бірқатар экологиялық мәселені шешу үшін қолдануға болады деп есептейді.
Жоба экономикалық проблемамен қатар экологиялық мәселені де шешеді. Өйткені қар жиналған жерінде ерітіледі, оны қала сыртына тасымалдаудың қажеті болмайды. Қаланың арнайы қар жинап, тасымалдайтын техникаларды жалдау мен полигонға тасымалдау шығындарын азайтады. Қар полигондары өте көп аумақты алып жатыр. Қарды тасымалдамайтын болсақ, көмірқышқыл газы шығарылмайды. Менің есебім бойынша жыл сайын қаладағы қарды арнайы полигонға шығару кезінде кемінде 6,5 млн келі көмірқышқыл газы шығарылады, - деді Даниал Ысқақов.
Айта кетейік, БҰҰ даму бағдарламасының мәліметінше, Қазақстанда су ресурстары 2030 жылға қарай жылына 75 мың текше шақырымға азаюы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда қала тұрғыны орта есеппен 130 литр су, ал ауыл тұрғыны күніне 70 литр су пайдаладанады. ДСҰ суды пайдаланудың минималды шегін бір адамға тәулігіне 50-100 литрге дейін деп белгілеген. Мамандар ысырапшылдықтың бір себебі су тарифінің төмендігімен байланыстырады.