ІІМ тәртіп бұзғандарды кешірім сұратып, видеоға түсірмейді
Заңның алдында бәрі тең
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев полиция енді заң бұзғандарды бұрынғыдай кешірім сұратып, видеоға түсірмейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, ІІМ ақпаратты беру тәсілін жетілдіріп жатыр.
Құқық бұзушыны көпшілік алдынан кешірім сұрату форматынан толық бас тартамыз. Себебі, олар бәрібір жауапқа тартылады. Бірақ қоғамда біз оларды жауапкершіліктен босатқандай көрінеміз. Енді оның орнына олардың қоғамдық жұмыстарды қалай орындайтынын көрсетеміз. Ондағы негізгі мақсат – көпшілік алдында ұялту. Осылайша, біз кінәлі адамның қоғамдық жұмыстарды қалай орындайтынын, заң алдында бәрінің тең екенін, жазаның бұлтартпаушылық принципі қалай орындалатынын көрсетеміз. Видео, фотоға түсіру және әртүрлі тәсілдер арқылы, - деді Шыңғыс Алекешев.
Ресми өкіл тәртіп бұзған танымал қазақстандықтар да бақылауда болатынын жеткізді.
Танымал адамдар заң бұзып, соттың шешімімен қоғамдық жұмыстарға тартылса, неге мұны істемеске? Оларды да көрсетеміз, - деді ол.