×

Қызылорда облысында екі айда 40 млн теңге алимент өндірілді

9 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелді

 Динара Амантай 18.03.2024 | 16:24
Фото: Halyq Uni

Прокуратура тарапынан Әділет департаментіне және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына заңдылықтың бұзылуны қатысты 10 деректі жою туралы ұсыныс енгізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Нәтижесінде биыл 2 айда 43 жалғызбасты ананың пайдасына 40 млн теңге алимент берегі өндірілді. 64 борышкер уақтылы алимент төлемегені үшін ӘҚБтК-нің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 21 жеке сот орындаушы алиментті мәжбүрлеп өндіру кезінде өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратураның бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген 9 борышкерге қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Оның 4-еуі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қалғандарына тергеу жүргізіліп жатыр.

Мысалы, борышкер Н.Н. өндіріп алушы Ж.А-ның пайдасына 2,9 млн теңге алимент төлемеу үшін жұмыссыз ретінде тіркелмей, өзінің жалдамалы жұмыстардан тапқан табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарған. Осыған байланысты Қармақшы ауданының прокуратурасы Н.Н-ға қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабымен қылмыстық істі тіркеді. Соттың 2024 жылғы 6 наурыздағы үкімімен Н.Н. кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ биыл прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдардың қатысуында ведомствоаралық мәжіліс өткізіліп, онда әділет және полиция органдарының, жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшыларына жүйелі түрде рейдтік іс шаралар жүргізу, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, алимент санатындағы атқарушылық өндірістерді ерекше бақылауға алу, борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Орындалу жағдайын облыс прокуратурасында тоқсан сайын қарау белгіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама