×

Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс сотқа жетті

Жемқорлық күдігіне ілінген Бақытгүл Хаменова әлі жұмысынан босатылмаған

 Айнұр Асылбекқызы 31.05.2022 | 11:24
Бақытгүл Хаменова, фото: azh.kz

26 мамырда ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа берілген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігімен сотқа берілген «Б» ЖШС-нің директорына қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотының өндірісіне түсті. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.

6 мамырда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Хаменова өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазбағанын және ол әлі де Атырау облысы әкімдігі аппаратында есепте тұрғанын хабарлады.

Еске салайық, Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың 22 желтоқсанынан бері тергеу изоляторында отыр. Ол 10 желтоқсанда Атырауда 145 миллион теңгеге Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасағаны үшін ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Жауап алынғаннан кейін оны уақытша ұстау изоляторына қамады. 

Ал 12 желтоқсанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу туралы санкция берді. 

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») бойынша тергелуде.
Істің тергеліп жатқанына 4 айдан асты.

Айтпақшы, сол кезде оған қатысты бұлтартпау шарасының өзгеруін облыстық сот: «Жетекші лауазымды атқарған Бақытгүл Хаменованың осы өңірде ықпалы мен мықты әлеуметтік байланысы болғандықтан, процеске қатысушыларға қысым жасап, істің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін» деп түсіндірді. 

Хаменованы тергеу изоляторына қамауға алуды Атырау облысының прокуратурасы сұрады. Осы өтініштің негізінде Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2021 жылғы 22 желтоқсанда қаулы шығарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама