Денсаулық сақтау министрі: «Балалар 17 жасқа толған соң ораза ұстағаны дұрыс»
Ақмарал Әлназарова балалардың уақытында тамақтану маңызды екенін ескертті
Балалар 17 жастан бастап ораза ұстағаны дұрыс. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Жалпы бала тез өседі, энергиясын тез жұмсайды. Себебі, балада зат алмасу процесі жоғары. Сондықтан ол осы энергияны уақытында толтыруы керек. Мұны әрбір ата-ана түсінуі қажет.
Баланың уақытында және сапалы тамақтануы оның болашақта денсаулығына және адам ретінде дамуы үшін өте маңызды», - деді Ақмарал Әлназарова.
Оның айтуынша, бала оразаны 17 жастан бастап ұстау керек. Себебі, ол осы уақытта өсіп жетіледі.
Менің ойымша, мұнда баланың жасына байланысты. Әрбір ата-ана баласына (ораза ұстауға) рұқсат етсе, бұл – оның шешімі. Мен белгілі бір жасқа дейін бала дұрыс тамақтануы керек деп ойлаймын. Мен 16-17 жаста (ораза) ұстауы керек деп ойлаймын, - деді министр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жас балаларға ораза ұстау міндет пе?» деген оқырман сауалына «Балиғат жасына жетпеген жас бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес» деп жауап берген.
Мүфтияттың мәліметінше, балиғат (кәмелет) жасына толу – жасөспірімнің белгілі бір жасқа жетіп, қоғам алдында өз ісіне жауап бере алатын, қоғамдық өмірге араласа алатын шағы.
Ұл мен қыздың бойы өсіп, бұғанасы қатқан, ақыл-ойы мен рухани-моральдік жағынан жетілген, өз ақылымен шешім қабылдап өмір сүретін, өзінің іс-әрекетіне, жасаған қылмысына толық жауап бере алатын, заңды некеге тұруға жеткен шағын «кәмелеттік жас», «кәмелеттік шақ» деп атайды.
Қазақстанда және көптеген мемлекетте кәмелет жасы ретінде 18 жас бекітілген. Заңға сәйкес, кәмелет жасына толған адам толықтай азаматтық құқыққа ие болып, өз ісіне жауапкершілік алады.
Шариғатта балиғат жасы ұл мен қыздың жыныстық жетілуімен байланысты. Әдетте ұл бала ұйқыдан тұрғанда поллюцияны (еріктен тыс шәуеттің бөлінуін) байқаса, қыз бала хайыз (етеккір) көрсе, сол сәттен бастап олар балиғат жасына жеткен (ержеткен, бойжеткен) болып саналады. Негізінде қыз балалар 9 жастан, ұл балалар 12 жастан өтіп балиғат жасына жетеді. Осы кезде ешбір белгі байқалмаған жағдайда, көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша 15 жасынан бастап екеуі де өзінен өзі балиғатқа толған болып есептеледі.