Ол бар болғаны 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа ғана тартылды
Түркістан облысының Жетісай ауданында есірткіні үйде сақтаған азаматқа сот шешімі шықты. Сот залында ол өзінің ауылында канал жағасындағы егістік алқапта есірткі затына ұқсас өсімдік шөптерді тауып алып, үйінде заңсыз сақтағанын, өз ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады, деп хабарлады otyrar.kz.
Сот оның шын ниетпен өкiнгенін ескеріп, қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды. Сотталушының айтуынша, ол былтыр 15 шілдеде, сағат 13:00 шамасында Жетісай ауданының Жетісай ауылдық округіне қарасты Жылы су ауылына қарасты канал жағасындағы егістік алқапта есірткі затына ұқсас өсімдік шөптерді түр-түсінен, иісінен есірткі заты екенін біліп, дәмін көру үшін үй шатырына жасырып қойған. Содан кейін оған ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сот сотталушының шын ниетпен өкiнуін қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларға жатқызып, ал қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ деген шешім шығарды.
Сотталушыға жазаның мөлшері мен түрін тағайындағанда ҚР ҚК-нің 52-бабына сәйкес жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, жеке басын, оның ішінде құқықбұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқын, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаның оның түзелуiне ықпалын ескеріп, айыптау бабының санкциясында көзделген қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалуға жатады деп санап, сотталушы С.Б.-ға 80 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.