Тұрғындар жарнасын төлесе де, медициналық қызмет қолжетімсіз – Асхат Аймағамбетов
Депутат мәселе бірнеше жылдан бері әлі шешілмегенін айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде тұрғындар МӘМС-ке жарна төлесе де, медициналық қызмет қолжетімсіз екенін, айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат бүгінде қазақстандықтардың медициналық қызметке төлейтін ақшасын азайту өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.
Ақмарал Шәріпбайқызы (Денсаулық сақтау министрі) осы Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне келгенде «Өзінің алдында тұрған мақсаты азаматтардың денсаулық сақтау саласына төлейтін қаражатын азайтамын» деп айтқан. Бұл – үлкен проблема, - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілісте.
Депутат қазір тұрғындар жарнасын төлесе де, медициналық қызмет қолжетімсіз екенін атап өтті.
«Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізер алдында осының мақсаты қандай деп сұрақ қойдық. Онда енді қазақстандықтардың өз қалтасынан емделуге төлейтін қаражаты азаяды деген жауап болған. Алайда бірнеше жыл өтті. Керісінше, азаматтар өз қалтасынан (МӘМС-ке) жарна төлеп жатыр. Екіншіден, ақылы (медициналық) қызметке төлейтін ақша азаймақ түгіл, керісінше біршама көтерілді. Мұның алдында біз медициналық қызметтің сапасы туралы айтатын болсақ, қазір жалпы оның қолжетімділігі туралы айтатын болдық», - деді ол.