Мексикада ұйымдасқан қылмыстық топ қазақстандықтарды кепілге алып құн сұраған
Сол оқиғадан кейін азаматтардың елге қайтқан-қайтпағаны белгісіз
Мексикада ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстанның 5 азаматын (ішінде бір әйел бар) кепілге алып, құн талап еткен, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетейік, редакцияға 2023 жылдың желтоқсанында Мексикада АҚШ-қа заңсыз өтпен болған қазақстандықтардың кепілге алынғаны, оларды босату үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың құн талап еткені туралы ақпарат түсті. Содан кейін Halyq Uni Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдап, оқиғаның мән-жайын нақтылауды сұрады.
СІМ ақпаратты растады. Оқиға 13 желтоқсанда Мексиканың Тамаулипас штатына қарасты Реиноса қаласында болған. Бұл штат АҚШ шекарасынан 150 шақырым жерде орналасқан. Сол күні Қазақстанның Мексикадағы Елшілігіне бес қазақстандықтың кепілге алынғаны туралы ақпарат түскен.
Қазақстан Елшілігі Мексиканың құзыретті органдарымен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізді. Азаматтарды іздеуге және Мексика билігімен келіссөздерге Гвадалахара қаласындағы Қазақстанның Құрметті консулы да қосылды, - деп хабарлады СІМ ресми сауалға берген жауабында.
Осылайша, 2023 жылдың 16 желтоқсанында Тамаулипас штаты прокуратурасының Адамдарды ұрлауға қарсы күрес жөніндегі арнайы бөлімшесі қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде Қазақстанның 5 азаматы босатылды.
Мексиканың прокуратурасы берген ақпаратқа сәйкес, аталған азаматтардың ақшасы, бағалы заттары мен ұялы телефоны қайтарылды, - дейді СІМ.
Министрліктен әр азамат үшін 3 мың доллар көлемінде құн төленгені туралы ақпаратты растауды сұрадық. Алайда ведомство қолында мұндай ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ олардың Мексика аумағында қанша күн болғаны белгісіз. СІМ мұны былай түсіндірді:
Мексиканың көші-қон қызметінің ақпаратына сәйкес, кепілге алынған Қазақстан азаматтары Мексика шекарасынан шекаралық өткізу бекеттері арқылы заңсыз түрде өткен. Соған байланысты азаматтардың Мексика аумағында жалпы қанша күн болғаны белгісіз.
Босатылған азаматтарға елшілік Мексикада заңсыз жүрудің қауіпті екені және оның салдары туралы ақпарат берген. Мехико қаласына барып, елшілік көмегімен Қазақстанға бірінші рейспен оралу ұсынылған. Алайда олар елшілік ұсынған көмектен бас тартқан.
Елшілікте олардың Мексика мен АҚШ шекарасынан өткені туралы ақпарат жоқ, - деді СІМ.
Министрліктен қазір қанша қазақстандықтың Мексика аумағында заңсыз жүргені туралы ақпарат сұрадық. Қазақстанның шет елдердегі мекемелері консулдық есепке тұрған қазақстандықтардың есебін жүргізеді. Алайда консулдық есепке қою ерікті болғандықтан, көп жағдайда қазақстандықтар бұл есепке тіркелмейді.
Соған байланысты Мексика аумағындағы жүрген Қазақстан азаматтарының нақты санын көрсету мүмкін емес, - деп түйіндеді министрлік.