Әйелдің денесін бөлшектеп, суға ағызып жіберген ер адам сотта өзін ақтауды сұрады

Динара Амантай

Адам өлтiру фактісі бойынша қылмыстық іс қайта қаралды

Фото: Halyq Uni

Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған адамның апелляциялық шағымы бойынша түскен адам өлтiру фактісі бойынша қылмыстық істі қайта қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2022 жылдың 31 қазанында сотталушы Тереңкөл ауылындағы үйінде азаматтық әйелінің 36 мың теңгені жұмсап тастағаны үшін жанжалдасып, жұдырығымен әйелдің сол жақ кеуде тұсына, бүкіл денесіне бірнеше рет соққы жасағаны анықталды. Жәбірленуші алған жарақаттарынан қылмыс орнында қайтыс болды. 2022 жылдың 1 қарашасында сотталушы жасалған қылмысты жасыру мақсатында қоймадан балта мен араны алып, оның көмегімен әйелдің мәйітін бөлшектеп, келесі күні үш пропилен қапқа салып, оны Ертіс өзенінің жағасына апарып суға тастаған.

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ер адам ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Апелляциялық шағымда сотталған адам бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Қылмыстық іс материалдарын зерделеп, апелляциялық шағымның дәлелдерін тексере келе, алқа Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі заңды деген қорытындыға келді, өйткені С.-ның кінәсі тергеу хаттамаларымен, сот-медициналық сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген, – делінген сот хабарламасында.

Осыған байланысты үкім өзгеріссіз, сотталған адамның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.