Бүгін - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
Наурызнаманың онкүндігі аясында Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні атап өтілді.
Еліміздің түрлі мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтарына арналған бұл күні театр фойесі бірден 200 жас домбырашының орындауындағы қазақ күйлерінің ғажап әуендеріне толды. Олардың барлығы – Әуезов ауданы «Даму Бала» шығармашылық үйірмелерінің тәрбиеленушілері. Кенжесі – небәрі 6 жаста.
Бұл ретте Құрманғазының «Адай» және «Балбырауын», Әбімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлері және басқа да шығармалар орындалды.
Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.
Наурызнама онкүндігі:
Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Ел аумағында қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері ұйымдастырылады. Телеарналар эфирінде «Наурызнама» республикалық айтысы көрсетіледі.
Еске сала кетсек, бұған дейін 20 наурызда сағат 12:00-де мейрамға арналған республикалық челлендж барысында барлық білім беру ұйымдарында ұлттық күй бір мезетте ойнайтынын жазған едік.