Halyq Uni логотип
×

Наурызнама: Алматыдағы театрда 200 жас домбырашы бірнеше күй тартты

Бүгін - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

 Еркеғали Болатұлы 16.03.2024 | 17:30
Наурызнама: Алматыдағы театрда 200 жас домбырашы бірнеше күй тартты
фото: Н.Сац театры

Наурызнаманың онкүндігі аясында Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні атап өтілді.

Еліміздің түрлі мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтарына арналған бұл күні театр фойесі бірден 200 жас домбырашының орындауындағы қазақ күйлерінің ғажап әуендеріне толды. Олардың барлығы – Әуезов ауданы «Даму Бала» шығармашылық үйірмелерінің тәрбиеленушілері. Кенжесі – небәрі 6 жаста.

Бұл ретте Құрманғазының «Адай» және «Балбырауын», Әбімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлері және басқа да шығармалар орындалды.

Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.

Наурызнама онкүндігі:

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
  • 23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.

Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Ел аумағында қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері ұйымдастырылады. Телеарналар эфирінде «Наурызнама» республикалық айтысы көрсетіледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін 20 наурызда сағат 12:00-де мейрамға арналған республикалық челлендж барысында барлық білім беру ұйымдарында ұлттық күй бір мезетте ойнайтынын жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама