Елімізде 400 мыңға жуық қазақстандық лудомания дертіне шалдыққан

Дәурен Ерболат

Аталған кеселдің кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалған

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда 400 мыңға жуық адам лудомания дертіне шалдыққан. Бұл туралы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысы. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзіне нақты дәлел келтірді.

Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады, - деді президент.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы насыбай ататындар мен сататындарды жауапқа тартуды ұсынған еді.