×

«Жағымсыз жағдай»: Тоқаев атасына ескерткіш қоюды сұрайтындар көбейгенін айтты

Ономастика саласында жалпыұлттық құндылықтар назардан тыс қалмауға тиіс

 Дәурен Ерболат 15.03.2024 | 15:37
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ата-бабасына ескерткіш қоюды сұрайтындарға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Президенттің сөзінше, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған, бірақ тек осы түсінікпен шектеліп қалуға болмайды.

Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда.

Мемлекет басшысының пікірінше, ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс.

Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал, - деді президент.

Айта кетейік, Атырауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы өтіп жатыр. Президент қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанына тоқталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама