Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысында 14 шетелдік елден шығарылды

4 күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 318 дерегі анықталды

 Динара Амантай 15.03.2024 | 15:30
Жетісу облысында 14 шетелдік елден шығарылды
Фото: Halyq Uni

Жетісу облысының полицейлері профилактикалық іс-шараның нәтижесінде 4 күн ішінде ҚР заңнамасын бұзғаны үшін, көрші елдердің 14 азаматын ел аумағынан шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері құрылыс алаңдарына, қонақүйлерге, жатақханалар мен азаматтардың көп жиналатын орындарында заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтау бойынша тексеру жүргізді, – деді ПД КҚҚБ бастығы Ерлан Раймбеков.

Небәрі 4 күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 318 дерегі анықталса, оның 205-і – шетелдіктер. Қалған 113 заңбұзушылықты ҚР азаматтары жасаған. Сот қаулысымен 14 шетел азаматы өрескел заңбұзушылық жасағаны үшін елден шығарылды. Сондай-ақ іс-шара барысында, іздеуде жүрген екі азамат ұсталып, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 19 адам қабылдау-тарату орнына жеткізілді.

Тәжірибе көрсеткендей, шетелдік азаматтардың көпшілігі еңбек қызметімен айналысу мақсатында біздің еліміздің аумағына кіреді. Оларды еңбек қызметіне тарту мәселелері заңнамамен реттелген. Сондықтан көші-қон заңнамасының талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігін еске салғым келеді, – деп толықтырды Ерлан Раймбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама