Антикор қылмыстық істі аяқтады
Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысы бойынша өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жазаға Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы тартылды. Сонымен қатар, басшының орынбасары да қатаң сөгіс түрінде жазаланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты 1-топтағы мүгедектігі бар азаматтарды алып жүру үшін жеке көмекшілердің қызметтеріне ақы төлеуге бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтады. Қаскөйлер қылмыстарын іс жүзінде жеке көмекшінің қызметін көрсетпеген азаматтардың шоттарына ақша аудару арқылы іске асырған. Қазір іс сотқа берілді.
Еске сала кетсек, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары бағынысты мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алуға тиіс.
Сондай-ақ, Антикордың ұсынысымен Павлодар қаласының әкімдігі бұдан былай осындай құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында басқа да ұйымдастыру-басқару шараларын қабылдады.