«Секретті» ешкімге сатпаймын – жас шабандоз

Халық үні

Шымкентте өткен аламан бәйгеден арнайы репортаж

коллаж: Halyq Uni

Ұлттық спорт қауымдастығының Бәйге федерациясы Шымкент қаласында бәйгеден ел чемпионатының І іріктеу кезеңін өткізді. Бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 80-нен астам тұлпар қатысты.

Бәйгеге қатысқан 13 жастағы шабандоз Арнұр Саматұлы қазірге дейін 18 көлік, бір пәтер ұтқанын айтты. Айтуынша, 8 жасынан бастап спорттың осы түрімен айналысады. 

Ал Әлішер Тілек есімді шабандоз «Секрет» тұлпарымен шабады. Айтуынша, жануар адамға еркелейді, соған сай өнер көрсетеді. 13 жастағы шабандоз қазірге дейін үш көлік ұтқан.

Айта кетейік, Құнан бәйге, Топ бәйге және Аламан бәйгеден өткен турнирдің жалпы жүлде қоры 20 900 000 теңгені құрады. Шабандоздар додаға тек жүлде үшін емес, сонымен қатар Қазақстан чемпионатының финалына шығу және чемпиондық атақ үшін сынға түсті.

Құнан бәйгеде Алматы облысынан келген Қарлығаш атты тұлпар алдына қара салмай, І орынды иеленді. Шабандозы – Абзал Тұрғанбек. II орынды Граф атты тұлпар алды, шабандозы Айтқабыл Қабыл. Жүлдегерлер үштігін Раушан атты жылқы аяқтады, шабандозы Санжар Иринат.

Топ бәйгенің жүлде қоры 7 100 000 теңгені құрады. Бұл бәйге бойынша ең үздік тұлпар – Бүркіт болды, шабандозы «Алтын тұғыр - 2023» иегері Бекзат Ділдахан. II орынды Ғасыр атты тұлпар, шабандозы Әлихан Сайлауғали иеленді. III орынды шабандоз Арнат Мұратхан Ақбақай атты жылқымен жеңіп алды.

Ең тартысты Аламан бәйгеде I орынды Бақторы есімді сәйгүлік алды, шабандозы Абзал Тұрғанбек болды. Оған жарыстың бас жүлдесі 5 000 000 теңге берілді. II орынды Айтұяқ атты тұлпар, шабандозы Шалқар Мұханбет жеңіп алды. III орынды Бекзат Ділдахан мінген Тайсон атты тұлпар жеңіп алды.

Кілең мықты тұлпарлар шапты. Соның ішінде бағым жанып, 1-орын алдық. Алғашында тізгінді жібермей, атымның басын тартып отырдым. Төртінші айналымда атым терледі, содан бастап алдағы аттарды ұзатпай шауып отырдым. Соңғы үш айналым қалғанда аттар шаршай бастады. Екі айналым қалғанда алдымда екі-ақ ат қалып еді. Соңғы айналымда олар да артымда қалды. Қазақ бәйгесі, қазақтың ұлттық спорты жасасын!, - дейді жас шабандоз Абзал Тұрғанбек.

Сайыс барысында арнайы ойын-сауық іс-шаралары да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қыз-келіншектер арасында жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрайтын «Ұлттық сезім» ұлттық киім байқауы өтіп, онда қатысушылар өз қолдарымен жасаған ұлттық нақыштағы өнімді көрсетті. Бұл байқауға 45 қыз-келіншек қатысып, Ұлдана Әлмахан жеңімпаз деп танылды.

Сондай-ақ, көрермендер үшін жалпы жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрайтын ұтыс ойыны өтті.

Еске сала кетейік, Республикалық «Бәйге» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.