Павлодар облысында жүк пойызы жылқыларды қағып кетті
Малдың иелері анықталып, оларға әкімшілік хаттама толтырылды
Павлодар облысының Ақсу станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызмет көрсетілетін учаскесінде екі рет шұғыл тежеу жасалды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Екеуінде де пойыздың машинисі жылқыларды қағып кеткен. Әуелі 13 наурызда сағат 15:29-да Көктөбе станциясынан 130 шақырымда №2505 жүк пойызының, №0121 тепловоздың машинисі шұғыл тежеуді қолданып, 2 жылқыны қағып кетті. Пойыз 10 минут тұрды.
Одан кейін сағат 19:13 шамасында Май-Дегелең станциясы арасындағы 200-шақырымында №1284 жүк пойызының, №0084 тепловоздың машинисі шұғыл тежеуді қолданып, 1 жылқыны қағып кетті. Бұл жолы пойыз 12 минут тұрды.
Ақсу станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы кезінде мал иелерін анықтады. Олар Май ауданының, Павлодар облысының тумалары, 50 және 49 жастағы азаматтар болып шықты, – делінген хабарламада.
Осы оқиға бойынша мал иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі бойынша теміржолдың бөлінген белдеуінде мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.