Жарылысқа қатысы бар деп айыпталған сарбаздар 13 жылға сотталды (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Сонымен бірге олар мемлекетке 24 млрд теңге шығынды өтеп беруге міндеттелді

Фото: видеодан кадр

Шымкент қаласының әскери гарнизоны сотында Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылысқа қатысты оқиға бойынша аппеляциялық кеңестің шешімі шықты. Сотта жарылысқа кінәлі деп танылған сарбаздар Ерполат Тұранов пен Әсет Әшірбай 13 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады otyrar.kz.

Апелляциялық соттың шешімі бойынша, бұған дейін 9 жылға сотталған сарбаздарға сот тағы 4 жыл қосып берді. Сотталушылар өз кінәсін мойындамай, істі қайта қарауға бергенмен, жаңа жазаны судьялар одан сайын қатаңдатты. Сонымен қатар олар мемлекетке келтірілген 24 млрд теңге шығынды өтеп беруге міндеттелді.

Сотта Әскери сот алқасының төрағасы Жандос Мұсабекұлы аппеляциялық шешімді оқып берді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазаларды ішінара қосу арқылы Тұрановқа түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу белгіленсін, – деді ол.

Осылайша, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барған сарбаздар темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Олар сотта «Басқа адамдардың кінәсін өз мойнымызға ілді» деп, шешіммен келіспейтінін айтты.

Сарбаздардың аналары да аппеляциялық шешіммен келіспейтінін айтып, үлкен әскери бөлімде оқ-дәрі сақталған қоймада болған жарылысқа қатардағы сарбаздарды кінәлау ақылға сыймайды деді.

Біз бұл шешіммен ешқандай да келіспейміз. Жаңа Қазақстан дейді. Қайда жаңа Қазақстан? Аманатқа қиянат қой бұл. Бұдан кейін баламызды қалай әскерге сеніп жібереміз?! Біресе ауру қылады, өлтіреді, псих қылады. Сөзім жоқ айтуға, – деді сотталушының анасы Алмагүл Асанова.

Сотталған тағы бір сарбаздың анасы Жанап Қадырова да баласының шындықты айтамын деп 13 жыл арқалап кетіп бара жатқанын, бұдан кейін ешбір сотқа сенбейтінін жеткізді.

Шындықты айтам деп балам 13 жыл арқалап кетті. Біз Астанадан келген судьялар анығын шығаратын шығар деп ойладық. Кінәлі еместігінің айдан-анық дәлелін де көрсеткенбіз. Шығарған шешімі мынау болды. Кімге сенеміз сонда?! Бұдан кейін баламды әскерге ешқашан жібермеймін, – деді ол.

Сотталушылардың заңгері жігіттердің кінәсы тергеу кезінде анықталмағанын айтады. Сондықтан да аппеляцияға өтініш тастаған. Ол әскери борышын өтеп жүрген азаматтар негізсіз сотталды деп санайды.

Бұл істе әділдік болмады. Алқадағы сотта үш сот отырды. Біз осылардан әділдік күттік. Ешқандай әділдік болмады. Бұл қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу кезінде де, бірінші инстанциядағы сот болған кезде де ешқандай дәлел болмады. Менің қорғауымдағы Тұранов пен Әшірбайды соттауға ешқандай негіз, дәлел болған жоқ. Сонда да соттап жіберді, – деді заңгер Абзал Өмірәлі.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы іс бойынша екі жауынгер «Бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру» бабымен 9 жылға сотталса, 4 офицер сот шешімімен ақталған еді. Күдіктілер мен прокуратура арызымен қайта қаралған апелляциялық кеңесте жазадан босатылған екі әскери де 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

2021 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасы жарылған еді. Одан 18 адам ажал құшып, 81-і жараланды.

Сотталған азаматтардың адвокаттары қайта шағым жазатынын айтты.