Тарихшы құрылтай өтетін жер ретінде не себепті Атырау өңірі таңдалғанын айтты
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 15 наурызда Атырауда өтеді. Алғашқы жиын Ұлытау төрінде өтті, содан кейін алқалы жиын жалғасын тауып, қазақстандықтардың назары Түркістан төрінде болды. Halyq Uni көтерілген мәселе мен бастамаларға шолу жасап, Атырауда қандай мәселеге назар аударылуы мүмкін екенін сала мамандарынан сұрады.
Қазір қоғамды заң мен тәртіп мәселесі алаңдатады. Атырауда өтетін құрылтайда осыған назар аударылады деп ойлаймын. Өйткені заң үстемдігі деп айтқаннан кейін халық заңды орындауға, сол арқылы тәртіпті сақтауға ұмтылуы керек. Бұл – бір. Екіншісі – ақпараттық қорғау мәселесі. Жасанды интеллект өмірімізге еніп бара жатқан уақытта жеке деректердің тарамауына, қорғалуына назар аударылғаны жөн, - дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов.
Нұрбек Пұсырмановтың айтуынша, үшінші Құрылтай өтетін жер ретінде Атыраудың таңдалуы мемлекет тарихындағы байланысты көрсетеді.
«Саяси-тарихи мұрамыздың бірегей нысандарының бірі облыс аумағында – ежелгі Сарайшық қалашығы орналасқан. Құрылтайлар өтетін жерді анықтауда нақты таңдалған үрдісті байқаймыз, яғни таңдалған жерлердің барлығы бір жағынан мемлекет тарихымен тығыз байланысты, екінші жағынан – әр өңірдің маңызы оның тарихымен де, мұрасымен де айқындалады», - дейді ол.
Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Кенжехан Матыжановтың айтуынша, екі жиынның Ұлытау және Түркістан секілді киелі жерде өтуінің өзіндік символикалық мәні бар.
Батыста өтеді деп жоспарланған жиында жаңа мәселелер көтеріледі деген ойдамын. Ұлттық Құрылтайдың мәні Парламенттен де кеңірек болатын шығар деп ойлаймын. Өйткені жиынға республикадағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлік өкілдері, саяси партиялар, қоғам белсенділері қатысады, олардың барлығы ұлттық құрылтайға мүше. Осылардың барлығының араласуы бойынша көп түйткілдердің түйіні шешіледі деген үміттеміз. Сонымен қатар, алдыңғы құрылтайларда айтылған жайттар қаншалықты реттелді, несі орындалды, несі орындалмады? Ондағы өзекті мәселелер қандай? деген халықтың сауалы көп. Міне, осының барлығын құрылтайда ашық талқылауға мүмкіндік мол, - дейді Кенжехан Матыжанов.
Айтуынша, жиында экономика, ішкі саясат, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы күрделі проблемаларды халықпен бірге қалай шешу керек деген ой-пікірлер ортаға салынуға тиіс.
РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ
Бұған дейін өткен жиын барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды екенін айтып өтті. Соған байланысты ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізілді.
2023 жылдан бастап президент тапсырмасымен биылдан бастап ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені тағайындалды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін еліміздің ең басты мейрамы деп атады. Бұл күннің тарихына көз жүгіртсек, «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 1995 жылдың 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – республика күні болып жарияланды.
Алайда алты жылдан кейін, 2001 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң қабылданғаннан кейін Республика күнінің мәртебесі мемлекеттік мерекеге өзгертілді.
2009 жылдың 22 сәуірінде бұл заңға өзгерістер енгізілді. Заң республика күнін мерекелеудің күшін жойды. Осылайша 25 қазан 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде мерекеленді.
АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Ел үшін маңызды мәселелер талқыланған жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүріп жатқаны айтылды. Бұл мәселенің еліміз үшін өте өзекті екені анық.
Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық, - деді президент.
Содан кейін Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң қабылданып, 2024 жылдың басындағы ақпарат бойынша 1 трлн теңгеден астам сома мемлекетке қайтарылды.
КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ
Ұлттық құрылтайда президент «Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет» деді.
Қазір мәдениет және ақпарат министрлігінде Креативті индустрия департаменті жұмыс істеп тұр. Департамент креативті индустрияға жататын экономикалық қызметтің басым түрлерін бекіту қағидаларын әзірлейді, қажет инфрақұрылымды құру барысында мемлекеттік органдарды үйлестіреді.
Таланттарды ынталандыру және қолайлы инфрақұрылым құру мақсатында «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия орталығы» корпоративтік қоры құрылады. Қордың негізгі міндеті таланттарды іздеу және қолдау, өнімдер мен зияткерлік қызмет нәтижелерін экспорттау және коммерцияландыру болады. Қазіргі уақытта кино, бейнефильмдер шығару, музыкалық шығармалар және дыбыс жазу, көркем және әдеби шығармашылық, телевизиялық бағдарламаларды құру және тарату, мамандандырылған дизайн саласындағы қызмет ең прогрессивті және табысты болып отыр, - дейді департамент директоры Гүлісхан Нахбаева.
Өңірлерде креативті хабтар желісін қалыптастыру мақсатында жыл басынан бастап «Қазпошта» АҚ-мен өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Оның желісі бойынша Түркістан қаласында, Павлодар облысының Ақсу қаласында және Қызылорда облысының Шиелі ауылында хабтар ашу жоспарланған.
Сондай-ақ президент қазақ тілі креативті индустрия тіліне айналғанын айтты. Мысалы, «Аватар» сияқты әлемге белгілі фильмдер қазақша сөйлеп жатыр.