Былтыр есірткі жарнамалайтын 5 мыңнан аса граффити жойылған
Оған мыңнан аса ерікті атсалысқан
2023 жылы «Есірткіге жол жоқ!» жастар акциясы аясында есірткі жарнамалайтын 5 мыңнан астам граффити жазбалары жойылған. Бұл туралы акция ұйымдастырушылары хабарлады.
«Жастар рухы» ұйымының мәліметінше, аталған акция есірткіге қарсы күрес мақсатында негізгі деген 4 бағытты қамтиды. Соның ішінде Telegram желісін жарнамалайтын граффити жазбаларын анықтау және жою акцияларын есірткімен күресудің негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осы бағытта жүргізілген арнайы рейдтерге еліміздің бүкіл 20 өңірінде мыңнан астам ерікті атсалысқан. Арасында елге танымал бірқатар блогер де бар.
Сондай-ақ спорттық-бұқаралық шараларды ұйымдастыру да жастарды ескірткіден аулақ ұстау мақсатын көздейді. Бұл бағытта жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатымен елордада Халықаралық Жастар күніне орай 300 адам қамтылған Bir Tolqynda заманауи би чемпионаты өтті.
Сонымен қатар, Bir Tolqynda және «Рухтастар Cases» диалог алаңдарында жастардың қатысуымен кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған. Кездесу барысында жастар тарапынан нашақорлық, электронды темекі, синтетикалық есірткі мәселелері бойынша ұсыныстар жиналып, олар кейін заң жобаларын әзірлеу кезінде ескеру үшін Мәжілістегі партия фракцияларына жіберілді.