Су сүзгісін орнатуға келгендер пәтерден 100 млн теңгені қолды қылған

Динара Амантай

Ақшаның ұрланғаны бірнеше күн өткеннен кейін белгілі болды

Фото: polisia.kz

Су сүзгісін орнатуға келгендер пәтер иесінің 100 млн теңгесін қолды қылған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылғы маусымда 2 жігіт Петропавлдағы пәтерлердің біріне барып, егде жастағы әйелге суға арналған «Аквафор» сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған. Әйел оларды еш күмәнсіз үйге кіргізген. Жас жігіттер уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмаған. Әжей көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасайды. Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап қалады. Алаяқтардың біреуі әжейді сөзге айналдырып, екіншісі көрші бөлмеден 100 млн теңгені қолды қылған.

Ақшаның ұрланғаны бірнеше күн өткеннен кейін белгілі болды. Құрамында Петропавл қаласының ПБ ЖКБ аға криминалисі Ербол Мусин бар полиция қызметкерлері оқиға орнына барған бойда қылмыстың мән-жайын нақтылай бастады. Криминалист пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты. Іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды. Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавл қаласында тұрақты тұратыны анықталды.

Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды. Қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі әжейге қайтарылды.