Наурыз мерекесінің биылғы логотипі бекітілді

Дастан Жұмабекұлы

Ал қызғалдақ мейрамның басты символы болады

Фото: gov.kz

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Наурыз мейрамының логотипінің бекітілгенін хабарлады.

Логотип еліміздің барлық аймақтарына жолданды. Оның басты символикасы – қызғалдақ. Халық үшін қызғалдақ Наурыз мерекесінің жарқын символы. Ата-бабамыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған, – деді ол.

Одан кейін Сәбит Барлыбаев биылдан бастап жаңаша тойланатын Наурыз мейрамында Астанада «Көшпелі өркениет» фестивалінің болатынын да айтты.

Оның айтуынша, Астанада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 200-ге жуық түрлі форматтағы іс-шара өтеді. ЭКСПО халықаралық көрме орталығында отандық және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен «Көшпелі өркениет» фестивалі ұйымдастырылады. 21-22 наурызда Орталық алаңда, «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда, Елордалық саябақ пен ЭКСПО алаңының аумақтарында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер өткізу жоспарланып отыр.

Осы ретте Астана қаласы мәдениет басқарма басшысының орынбасары Нұран Камзин де қаланың 5 ауданында 30-дан астам мерекелік концерттің болатынын атап өтті.  

14 наурызда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Тал бесіктен - Жер бесікке…» атты театрландырылған қойылымын ұсынады. 15 наурызда «Наурыз айы туғанда» мерекелік театрландырылған концерт өтеді. 17 наурызда «Байтерек» монументінде Ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» беру жоспарланған, –  деді ол.

Сонымен бірге ол 19 наурызда «Наурыз» Ұлттық сыйлығымен марапаттау рәсімінің, 20 наурызда Ұлттық спорт түрлерінен жарыстың ұйымдастырылатынын,  21-24 және 29-31 наурыз аралығында Қуыршақ театрында «Наурыз-Думан» қуыршақтар шоуының болатынын айтты.

Наурыз мейрамы еліміздің басқа өңірлерінде де кең көлемінде аталып өтіледі. Мысалы, Павлодар облысында 100-ге жуық салт-дәстүр қайта жаңғыртылады.

Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, Наурыз мейрамына орай өңірде 2 мыңға жуық іс-шара өтеді. Оның ішінде «Ұлы даланың Ұлы есімдері» ғылыми-практикалық конференциясы, «Ұршық fest» фестивалі, «Алтын шаңырақ» мерекелік іс-шарасы, «Тақиялы қыз - трендте» атты тақия тігу бойынша байқау, «Киелі кимешек» көрмесі мен басқа да іс-шаралар бар.

14-23 наурыз аралығында Әрбір елді мекенде қазақтың бір салт-дәстүрін жаңғыртып, оны оқушылардан бастап үлкен азаматтарға, зейнеткерлерге дейін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осы онкүндік аясында 100-ге жуық салт-дәстүрді қайта жаңғыртылмақ. Өңір бойынша 250 жуық киіз үй тігіледі. Наурыз мерекесіне орай эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салады, - деді ол.

Жалпы, биыл өңірде салт-дәстүрге ерекше көңіл бөлінеді.