×

СҚО шенеуніктері су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жүргізбеген

Прокуратура шаралары бойынша әкімдіктер заңбұзушылықтарды жою бойынша жұмыс істей бастады

 Динара Амантай 13.03.2024 | 16:25
Фото: СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары су тасқынына дайындық кезінде жүйелі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша заңдылықтың жай-күйін талдау Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының талаптарын өрескел бұзушылықтарды анықтады.

Айыртау ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тасқын су басатын елді мекендерден қар шығару жұмыстарын ұйымдастырмаған. Заң талаптарын бұза отырып, бұл ауданда жауапты тұлғалар облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстарын жүргізбеген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Осындай бұзушылықтар Ғ. Мүсірепов, Шал ақын, Есіл аудандарында да анықталған.

Тимирязев ауданында Заң талаптарын бұза отырып, инженерлік техника мен инертті материалды алуға шарт жасалмаған. Сонымен бірге Мамлют, Ғ. Мүсірепов, Уәлиханов аудандары жергілікті атқарушы органдарының лауазым иелері қорғаныш топырақ үйіндісін нығайту және су өткізгіш құбырларды орнату бөлігінде 2024 жылғы су тасқынына дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспарының іс-шараларын орындамапты.

Қадағалау органының шаралары бойынша жергілікті атқарушы органдар бұзушылықтарды жою бойынша жұмыс істеп жатыр. Жүргізілген талдау нәтижелері 5 наурызда облыс прокуроры Қ.Ә. Әбдіхановтың төрағалығымен ведомствоаралық кеңесте талқыланып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауапты лауазымды тұлғалар тыңдалды. Отырыс нәтижесінде су тасқынының қауіпсіз өтуіне және төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізу туралы бірлескен шешім қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама