Енді қылмыстық істерді негізсіз тіркеуге жол берілмейді
Құқық қорғау органдарында нақты дәлел болуға тиіс
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заң жобасындағы негізгі жаңалықтың бірі – қазақстандықтарды негізгіз қылмыстық жауапкершілікке тартуды болдырмау.
Әділет министрі Азамат Есқараев құжатқа азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған нормалар енгізілгенін жеткізді. Онда келесі шаралар қарастырылған:
- Азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау;
- Заң бұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау;
- Кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу;
- Тінту, жеке тінту және алуды жүзеге асыру бойынша санкцияның 10 күнді белгілеу;
- Бұрын «қорғалуға құқығы бар куә» ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу;
- Адамдардың өліміне байланысты емес, аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру;
- Қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқығы бар адамдар шеңберіне біріктіру;
- Жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету үшін кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу.
Заң жобасын таныстырған Әділет министріне Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов сұрақ қойды.
Іс жүзінде қылмыстық істерді тергеу органдары тәуелсіз зерттеулерде расталмаған мәліметтерді көрсетіп, рапорт беру арқылы қылмыстық іс қозғайды. Кей жағдайда бұл азаматтардың құқығын бұзуға алып келеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болады? Азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін қандай пәрменді тетіктер көзделеді?, - деді депутат.
Әділет министрі бұл өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Сондықтан біз құқық қорғау органдарына баянаты негізінде егер қылмыстық әрекет салдарынан экономикалық шығын келтірілмегені, оны дәлелдейтін құжаттар болмаса, онда осы баянат негізінде қылмыстық істі қозғауға рұқсат берілмейді деген заңда нақты шектеу қойылып отыр. Біздің ойымызша бұл сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде баянатты тіркеуге жол бермейді және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ еліміздегі қылмыс индексінің төмендеуіне ықпал етеді», - деді Азамат Есқараев.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев министрдің жауабын толықтырды.
«Қаралып жатқан заң жобасында бірнеше тетікті көрсетіп отырмыз. Біріншіден, құқық қорғау органдарында өздерінің мамандары бар. Олар тексеріс жүргізіп, сол қорытынды бойынша қылмыстық іс қозғалады. Бұл заңда көрсетілген. Мұндай қорытындыда зиян келтіргені туралы дәлел болуы керек. Дәлел болмаса, өкілетті органдарға сол қорытынды жіберіледі. Нәтижесінде өкілетті орган оны тексеріп, ол да қорытынды шығарады. Бұл қорытындыны кейін сотта даулауға болады. Сот дауды шешпегенше қылмыстық істі қозғауға жол берілмейді.
Екіншіден, азаматтық дау болған жағдайда ол бойынша қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеуге болмайды деген норма бар.
Сондай-ақ салық даулары бойынша нақты салық органының қорытындысы болуы керек. Қорытынды болмаса, іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелмейді.
Сонымен қатар (салық төлеуші) өз еркімен салық төлесе, онда да қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелмейді», - деді Бас прокуратура өкілі.