×

Елімізде жеке детективтердің қызметі заңдастырылатын болды

Жеке детективтің ішкі істер саласында 10 жылдан астам жұмыс істеуі шарт

 Еркеғали Болатұлы 13.03.2024 | 10:10
фото: lawsbook.ru

Елордада президент істері басқармасы жанындағы парламентаризм институтының және АMANAТ партиясы қоғамдық саясат институтының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бұл ретте парламентаризм институты ғалымдарды, сарапшыларды және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, «Жеке детективтік қызмет туралы» заңының жобасын әзірлеп жатыр.

Жеке детективтердің қызметін заңдастыру – үнемі көтерілетін мәселе. Қылмыс жасалса, әлдебір ықпалды адам полиция бастығына телефон соғып, істі жауып тастауы мүмкін. Ал жеке детектив алсаңыз, ол өз міндетін орындайды. Ол тапқан мәліметтер қылмыстық істі ашуға қосымша дәлел болады. Сондықтан бұл саланы құқықтық реттеу керек деп есептеймін. Жеке детективтерге қойылатын негізгі талаптардың бірі – ол ішкі істер саласында 10 жылдан астам жұмыс істеуі керек, – деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Осы орайда ол елімізде жеке детективтер институтын құрудың маңыздылығын да алға тартты. Айтуынша, олардың қызметі республикалық және облыстық деңгейде болуы керек.

Жеке детективтер туралы әзірленіп жатқан заңнамада оларға лицензия беру қарастырылған. Заң талаптары бұзылған жағдайда жеке детектив лицензиясының қолданылуын тоқтата тұруға немесе одан айыруға құқығы бар уәкілетті орган құрылады. Қазір елімізде жеке детектив қызметі бар, бірақ ол көлеңкелі. Бұл қызметті заңдастырсақ, бюджетке қаржы түседі. Ең бастысы, олардың қызметі заңдастырылады, – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол елімізде жеке детективтерге қатысты ресми статистиканың жоқтығын атап өтті.

«Олар анонимді түрде, коллекторлық немесе күзет компаниясы арқылы жұмыс істейді. Қызметі заңмен реттелмеген кезде біз оларды құқықтық салада пайдалана алмаймыз. Сондай-ақ олар мемлекетке салық төлемейді. Жеке детективтер жеке қызмет көрсетеді. Дамыған елдерде бұл қызмет заңдастырылып қойған», – деді Абзал Құспан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама