Биыл 22 мың квота берілді
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 088 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 567 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 мың 658 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар – 5 мың 774 және 580 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 798 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 мың 711 адам тартылды.
Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 мың 687 жұмыс беруші бар. Оларда 459 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл – жұмысшылардың жалпы санының 99,5%-ы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 мың 281 (32,7%), өңдеу өнеркәсібінде – 1 мың 380 (10,5%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 1 мың 304 (10%), ауыл, орман және балық шаруашылығында – 834 (6,3%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 809 адам (6,1%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 121 адам (31,4%), Үндістан – 1 176 адам (8,9%), Түркия – 1 128 адам (8,6%), Өзбекстан – 908 адам (6,9%).
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың мөлшерінде белгіленді.