Компания 5 жыл бойы салық төлемей келген
Түркістан облысының прокурорлары мемлекетке SCAT авиакомпаниясына табысталған аңшылық алқабын қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2019 жылы 13 желтоқсанда облыс әкімдігі аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін жерді беру туралы қаулы шығарған. Осы актінің негізінде Табиғи ресурстар басқармасы және «SCAT авиакомпаниясы» АҚ арасында 20 жыл мерзімге аңшылық алқабын (4 мың 400 гектар) жалға беру шарты жасалған. Шарттың 3-тармағына сәйкес, пайдаланушы салық заңнамасында белгіленген тәртіппен жерге төлемді уақтылы енгізуге міндетті болған. Алайда «SCAT авиакомпаниясы» АҚ шарт жасалған сәттен бастап, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін бюджетке салық аударымдарын жасамаған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жоғарыда аталған басқармамен бұйрық шығарылып, шартты бұзу жолымен аңшылық алқабын мемлекет кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылданды.