Бұзушылықтар расталған кезде тиісті шаралар қабылданады
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ 2024 жылғы 5 наурызда қазақстандықтардың, zaimer.kz («Робокеш.кз» «МҚҰ» ЖШС) микроқаржы ұйымы тұтынушыларының дербес деректерінің таралып кетуін анықтаған болатын. Деректердің құпиялылығын бұзудың 2 миллионнан астам жағдайы анықталды.
Жалпы, Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректері анықталды (РФ – 23,6 млн (zaimer.ru – 16.8 млн, adengi.ru – 6.8 млн); Филиппин – 5 млн (digido.ph); Вьетнам – 2 млн (vietloan.vn).
7 наурыздан бастап бүгінге дейін ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне азаматтардан 1 400-ден астам шағым мен өтініш түскен. Комитет Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 79-бабына сәйкес бұзушылық фактілері бойынша мұқият тексерулер жүргізеді. Бұзушылықтар расталған кезде, әкімшілік айыппұлдарды қоса алғанда, тиісті шаралар қабылданатын болады.
Бұдан бөлек, ықтимал қылмыстық құқықбұзушылықтарды көрсететін материалдар анықталған жағдайда, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті оларды одан әрі тексеру үшін Ішкі істер министрлігіне береді.
Деректердің таралып кетуінен материалдық залал фактілері кездескен жағдайда, азаматтар өз құқығын қорғау және келтірілген залалды өтеу үшін Ішкі істер министрлігіне немесе сотқа өз бетінше жүгіне алады.
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті дербес деректері таралуы мүмкін барлық азаматтарды өздерінің құпия ақпараттарын қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға және құзыретті органдар ұсынған ұсыныстарды орындауға шақырады.