Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда нашақорлық бойынша кешенді зерттеулер тапшы – сарапшы

Қазақстанда психоактивті заттарды қолданған 108 мыңнан астам адам бақылауда тұр

 Айнұр Шошаева 12.03.2024 | 11:44
Қазақстанда нашақорлық бойынша кешенді зерттеулер тапшы – сарапшы
коллаж: Halyq Uni/inbusiness.kz-те жарияланған сурет пайдаланылды

Елімізде нашақорлықтың алдын алуға арналған іс-шараларды білікті қоғамдық ұйымдар өткізуі керек. «Есірткісіз болашақ» қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаевтың пікірінше, профилактикалық іс-шаралар тек әдемілік үшін өткізілмеуі керек, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін ол тәуелсіз зерттеулердің негізінде, әрбір бесінші жастың синтетикалық есірткіні қолданып көргенін мәлімдеген болатын. Сарапшы бұл деректі неге сүйеніп айтқанын түсіндірді.

«Еліміздегі нашақорлық мәселесі бойынша кешенді зерттеулер тапшылығын көріп отырмыз, соңғы кешенді зерттеу 2018 жылы мемлекет тапсырысы бойынша жасалған. Біз, әрбір бесінші жас қазақстандықтың синтетикалық есірткіні тұтынып көргені жайлы айтқан едік, бұл қорымыздың серіктестерімен бірігіп жасаған дербес әлеуметтік зерттеуге негізделген тұжырым. Актуалды әлеуметтік зерттеулерге келетін болсақ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының «NEXT-Time» қорымен бірігіп 2023 жылы, тәуелділіктер (нашақорлық пен лудомания) мәселесін зерттегенін білеміз. Оған қоса, жақында БҰҰ Нашақорлық пен қылмыс мәселесі бойынша агенттігі – Қазақстан әлемдегі нашақор елдердің рейтингінде 8 орында екенің тұжырымдады. Бұл деректерге сүйене статистикалық корреляцияны көре аламыз», - деді Жандос Ақтаев.

Биыл ақпанда Қазақстанның есірткіні тұтыну бойынша ТОП-10 елдің қатарына енгені белгілі болды. Бұл мәліметті World population Review ұйымы жасаған болатын. Ұйым сарапшылары жыл сайын тыйым салынған заттарды тұтыну бойынша елдердің рейтингін жасайды. Олар өткен жылдардағы БҰҰ-ның Есірткі туралы дүниежүзілік есебіне, сондай-ақ денсаулық сақтаудың басым мәселелері бойынша ағымдағы жағдай мен тенденциялар туралы талдамалық есептер шығаратын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық обсерваториясының деректеріне сілтеме жасап шығарған. Рейтингте Қазақстан 8-ші орында тұр. Орташа алғанда, сарапшылардың бағалауы бойынша, есірткіні қолдану салдарынан қазақстандықтар 3,7 жыл салауатты толыққанды өмірден айырылады.

Сондай-ақ қор басшысы Қазақстанда нашақорлықтың алдын алу үшін атқарылып жатқан іс-шаралардың тиімділігіне қатысты пікір білдірді.

«Жастар арасындағы алдын алу іс-шараларының тимділігін біз бүгін емес, бірнеше жылдаң соң ғана көретіңімізді ескеру қажет. Профилактикалық шараларының бәрі ғылыми негізделген стандарттарға сай өткізілу керек. Бұл дерт күні кеше пайда болған жоқ және оны алдын алу жолдары да көптеген жылдар бойы белгілі. Мәселе тек «әдемі көрініс» үшін жасалатын шаралардың керек еместігінде, оған қоса жүйелі алдын алу шараларын тек білікті арнайы қоғамдық ұйымдар өткізу керек», - деп қосты ол.

Сонымен қатар белсенді нашақорлық профилактикасына бөлінетін қаржыға қатысты ойын айтты. Бүгінде профилактика үшін қаржы кешенді жоспар аясында және әкімдіктер аясында бөлінген.

Әр аймақтын профилактикалық бюджеті өзгеше. Алайда бөлініп жатқан қаражаттын жеткілікті ма, әлде жоқ па екенін тексеру үшін, нақты аймақтағы профилактикалық шараларды саралап, ол шараларға қанша қаражат бөлініп жатқанын қарау керек. Сол кезде тиімділік деңгейі де көрінеді, - деді Ақтаев.

Бүгінде «Есірткісіз болашақ» қорында 1800 ерікті профилактикалық жұмысқа қатысып келеді. Қор интернетте мониторинг жүргізудің алгоритмін әзірлеп, соның көмегімен қазақстандықтарды есірткі сату мен жеткізуге тартумен айналысқан 3 мыңнан астам телеграм арна бұғатталды.

«Кез келген адам ерікті бола алады. Бұл жастар өз уақытын бөліп есірткі жарнамасын жоюмен айналысады, психологтар мүмкіндігінше тегін консультациялар береді, қаражаты бар азаматтар ақшалай демеу беріп қорымыздың тоқтаусыз жұмыс істеуіне атсалысады. Бұның бәрі кешенді профилактикаға әсер етеді. Халқымыз бұл індеттің барлығына қатысты екенін түсінген кезде, өзі атсалысатын болады. Еліміз тек ресми ақпарат бойынша әлемдегі ең нашақор елдердің тізімінде 8-орында тұр. Бұдан басқа қандай ынта керек? Барша қазақстандықтардың әлеуметтік жауапкершілік танытуы қажет», - деді сарапшы.

Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ өкілі Бақытжан Әмірханов баланың есірткіге әуестене бастағанын қалай аңғаруға болатынын ескерткен болатын.

Ата-аналар балалардың ұялы телефонын үнемі бақылап отыруы керек. Сондай-ақ сөмкесінде скотч немесе изолента сияқты заттар, қосымша табысы пайда болса, соған жиі көңіл аударып отыру керек, - деді ІІМ өкілі.

«Есірткісіз болашақ» қорының жетекшісі бұл мәселеге қатысты да пікір білдірді.

«Егер сіздің жақын адамыңыз есірткіге тәуелді болды деп күдіктенсеңіз, онда оның мінез - құлқына назар аударыңыз. Есірткіге тәуелді адам өте ашушаң, неврозды, әрдайым күйзеліске ұшырайды және көңіл-күйі күрт өзгеріп отырады. Тәуелді адамның сыртқы түрі де өзгерістерден өтеді, мәселен тез салмақ жоғалту, терінің ағарып түсін жоғалтуы, тырнақ пен тістің сынуы алғашқы белгілері. Егер жақын адамыңыз тәуелді болса, оған моральдық қолдау көрсетіп, оны психологтың кәсіби көмегіне жүгінуге итермелеу қажет», - қорытындылады Жандос Ақтаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан психикалық мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен 108 722 адам динамикалық бақылауға алынған. Оның ішінде 18 329 адам есірткіге тәуелділікпен тіркеуде тұр. Оның 91% – ерлер (16 817), қалғаны – әйелдер (1 512). Сондай-ақ тәуелділердің ішінде 2 734 адам – (15%) 18 бен 29 жас аралығындағы жас болса, тіркеуде 66 бала мен жасөспірім бар.

Астана қаласының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 26 ақпан мен 1 наурыз аралығында есірткінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында елордада «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Осы аралықта Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 24 факті анықталып, айналымнан 2,5 келі есірткі заты тәркіленді. Іс-шара барасында қаладағы 98 дәріхана, 10 емдеу мекемесі мен 10 өнеркәсіптік кәсірорын тексерілген. Тексеру нәтижесінде дәрі-дәрмектерді рецептсіз сату ережелерін бұзған 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы биыл жыл басынан бері Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы елордада 20 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 7 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама