15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Қарағанды облысында жыл басынан бері қос азаматтыққа қатысты 400-ден астам дерек тіркелген, деп хабарлады Halyq Uni тлшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бастап өңірде өзге елдің азаматтығы болу немесе оны алуға байланысты 400-ден астам қос азаматтық дерегі тіркелген. Осыған байланысты 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қолданыста бар заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар адам, өзге елдің азаматтығын қабылдаса, 30 күн ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына келіп, Қазақстан Республикасының төлқұжатын және жеке бас куәлігін тапсыруы керек. Тапсырылмаған жағдайда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 496-бабы 2-тармағына сәйкес елден шығару және Қазақстан Республикасы аумағына кіруге 5 жылға дейін шектеу қою, сонымен қатар 738 мың 400 теңге айыппұл қарастырылған, – деді Қарағанды облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марина Тен.