Шымкентте сатушыдан гүл тартып алғыш экс-полицей тағы да шу шығарды (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Ішкеніне төлеп алсын! Менің телефонымды кепілге тастамақшы, - дейді әйел

фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі дәмханалардың бірінде әйелдің телефонын тартып алып, қайтарудан бас тартқан ер адамның видеосы тарады. Телефонын мас ер адамнан ала алмайтынын түсінген әйел жанындағылардан көмек сұраған.

Сөз арасында сыра ішіп отырған ер адамның былтыр 8 мамырда гүл сататын дүкеннен гүл шоғын тартып әкетіп жүрген экс-полицей екені белгілі болды.

Тұр, менің телефонымды бер! Телефонымды әкел, хабарлама келіп жатыр, - дейді әйел.

Кейін оған күші жетпейтінін түсінген әйел басқа үстелде отырғандардан көмек сұрай бастаған.

Мына кісіні айтып жатыр ма едіңдер? Ішкеніне төлеп алсын! Менің телефонымды кепілге тастамақшы. Жақсылап телефонға түсірші! Сол гүлге ақша төлей алмайтын жігіт қой, – дейді әйел.

Ер адамдардың әйелге араша түсіп, телефонын қайтарып беруін талап еткеніне қарамастан, ол өзінде ешқандай телефон жоқ екенін айтып, жанына ешкімді жолатпай қойды. Көмекке келгендердің бірі ер адамның қолдандағы телефонды алып беріп еді, әйел бұл өзінің телефоны емес екенін, оны жасырып отырғанын айтты.

Менің телефоным, соны ала сал! Саған сыйладым. Менде телефон жоқ, көлікте, – дейді ер адам.

Видеодан әйелдің телефонын қайтарып беруге көмектескен жігіттің міз бақпай сыра ішіп отырған ер адамның жағасынан алып жатқанын көруге болады. Болған жағдайдың немен аяқталғаны белгісіз. Шымкент қаласының полиция департаменті оқиғаға қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске сала кетсек, былтыр 8 мамырда ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен болатын. Тұран аудандық ПБ-ның 102 арнасына қоңырау түскен. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында учаскелік инспекторларға ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Бұл жайтқа қатысты Тұран аудандық ПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен («Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау») сотқа дейінгі тергеу басталған еді.

Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азаматтың сол жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау аудандық ПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.