Щучьеде кісі өлтірген күдіктіні 10-сынып оқушысы ұстап алған (ВИДЕО)
Қылмыскер өзін агрессивті ұстаған
Ақмола облысында полицейлер адам өлтірді деген күдікпен іздеуде жүрген ер адамды жалғыз өзі ұстаған 15 жастағы оқушыны марапаттады. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, Щучье қаласының 10-сынып оқушысы Мирас Шаймерденов полицейлерге бір әйелді өлтіргені үшін іздеуде жүрген қауіпті қылмыскерді ұстап берген. Айтуынша, ол жеке аумаққа белгісіз ер адамның жасырынғанын жұмысшыдан білген. Дереу сол жерге барған Мирас мас адамнан аумақтан кетуін талап еткен, бірақ қылмыскер өзін агрессивті ұстаған.
Қылмыскердің басқа азаматтарға қауіп төндіретінін түсінген Мирас полицияға қоңырау шалып, болған жайтты хабарлады. Жасөспірім қылмыскердің сыртқы белгілерін сипаттай бастағанда және оның суретін жіберген кезде полицейлер ер адамның қылмыстық құқықбұзушының сипаттамасына сәйкес екенін біліп, дереу полиция жасағын жіберді. Бірақ ержүрек бала полицейлерді күтпей, күрес әдістерін қолданып, күдіктіні құрықтап, полицейлер келгенше ұстап отырған, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері.
7 наурызда Мирас Шаймерденовті салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Ата-ана ретінде міндетін адал атқарғаны, адамгершілік тәрбие нормаларын сіңіргені үшін Мирастың анасы Гүлзат Шаймерденова полиция департаментінің алғыс хатымен марапатталды. Бұған қоса, Мирас үшін полиция қызметкерлері брендті футболка мен бейсболка шығарып, нақыштамасы бар қол сағатын тарту етті.
Департамент бастығы, полковник Нұрсұлтан Мұқашев Мирасқа табыс тіледі.