Алматыда емшіге барған екі зейнеткер сал болып қала жаздады
Жағдай нашарлап, дәрігерге жүгінулеріне тура келген
Алматыда нейрохирург дәрігерлер екі қарт әжейді сал болып қалудан құтқарды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі зейнеткер Орталық қалалық клиникалық ауруханасына бірдей диагнозбен жүгінген. Яғни, жұлын каналындағы жүйке тінінің ісігі.
Науқастардың айтуынша, олар жасына және басқа да ілеспе ауруларына байланысты ота жасатуға қорқып, емшілерден ем іздеген. Бірақ жағдай нашарлап, дәрігерге жүгінулеріне тура келген.
Отаның қиындығы – ісіктің жұлынның сыртында емес, ішінде орналасуында болды. Жұлынның өзіне зақым келтіру қаупі жоғары еді. Құдайға шүкір, екі ота да сәтті өтті және әрқайсысы шамамен 3,5 сағатқа созылды. Бұл оталарды жасау барысында біз өз қозғалысымызды бақылау және жұлынның сау бөліктерінің зақымдануын болдырмау үшін нейромониторлар мен нейронавигациялық жүйені қолдандық, - деді ОҚКА нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.
Отадан кейін науқастар стационарда оңалтудан өткен. Нәтижесінде 12 күн ішінде аяқтың неврологиялық бұзылысының регрессиясы 80%-ға дейін жетті.