×

«Тергеу ісіне күмәнім бар». Лифтте зорлыққа ұшырай жаздаған шымкенттік келіншек болған жағдайды баяндап берді

22 жастағы күдікті жақында әскерден келген, уақытша жұмыссыз

Жәбірленуші Надежда, Шымкент тұрғыны

25 мамырда Шымкент қаласындағы тұрғын үйлердің біріндегі лифтте баласы бар әйелге шабуыл жасаған ер адамды жергілікті полицейлер қамауға алды. Жәбірленуші Надежда болған жайдайды айтпақ түгілі есіне де алғысы келмейді. Бірақ ол тергеудің қалай жүріп жатқанын көріп, істің бұрмаланып кетуінен қорқып отыр.

«Ұлымды балабақшаға шығарып салып, дүкенге кірген болатынмын. Ойымда ештеңе жоқ, сүт алып, алаңсыз үйіме қайттым. Байқасам, артымда бір жігіт келе жатыр екен. Ол менімен бірге тұрғын үйге кірді. Сөйтіп, соңымнан қалмай лифтке де мінді. Мен 6 қабаттың түймешесін бастым, ал ол артымда тұрды. Сөйтті де, аузымды жауып, қылқындыруға көшті. Қатты қорқып кеттім. Аяғымның ауыр екенін айтып айғайласам да қойған жоқ. Сосын бір кезде коляскаға жармасты. Сөйтіп жатқанда, 6 қабатқа жеттік», - дейді жәбірленуші.

Лифтте белгісіз ер адам күш қолданған келіншектің тек құрсағында ғана емес, қолында да баласы болған. Надежда еүкті екеніне, қолында баласы барына да қарамастан күш қолданған жігіттің тезірек сотталғанын қалап отыр.

Лифттен түскен бойда есімді жинай алмай жылай бердім. Қасыма көршілерім келді. Жұбатты. Жағдайды сұрады. Содан олар әлгі жігітті іздеуге кетті. Сөйтсек, жігіт тағы бір әйелді торуылдаған екен. Абырой болғанда оны туыстары күтіп алып, жігіттің арам ойы іске аспай қалды, - дейді Надежда.

Шымкент қаласында болған оқиға дем арада әлеуметтік желіде тарап, қоғамда резонанс туғызды. Ал, балалы әйелге шабуылдаған жігіт қаладан қашып үлгеріпті. Полицейлер оны тек ертесіне Шиелі ауданының стансасында (Қызылорда облысы – авт.) қолға түстірді. Қазір ол уақытша ұстау абақтысында отыр. Айтуынша, біреуді зорлау ойында болмаған. Тек келіншектің қолындағы телефонға қызығыпты.

«Телефонға қызықты деп ойламаймын. Оның арам ниеті болды. Әйтпесе, мені қылқындырып несі бар? Мені тергеушілер сараптамаға шақырамыз деп шығарып салған еді. Бірақ, содан бері хабарсыз кетті. Білмеймін. Іс бұрмаланып кетпесе болды», - дейді лифтте қорлық көре жаздаған азаматша.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, 22 жастағы күдікті қазір қамауда отыр. Шымкент тұрғыны жақында ғана әскерден келген, уақытша жұмыссыз. Қазір оның үстінен «зорлық жасауға оқталды» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама