Қарағандыда жүргізуші жолда инсульт алып, есінен танып қалған
Полицейлер оны өлімнен аман алып қалды
Қарағандыда тәртіп сақшылары инсульт алып, есінен танып қалған жүргізушіні құтқарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеше патрульдік инспекторлар Ақжаркен Мұқажан мен Берік Кеңесовке бір автокөлік тоқтап, жүргізушісі 19-шы ықшам ауданның қиылысында төтенше жағдай болғанын хабарлаған.
Оқиға болған жерге келгенімізде қиылыста жол шетіндегі бордюрға шығып кеткен көлікті көрдік. Машина от алып тұрды және ол бордюрға шығып кеткендіктен, бір дөңгелегі айналып тұрды. Көліктің барлық есігі бұғатталып қалған екен. Мен көліктің алдыңғы жолаушы отыратын терезесін сындырып ішке кірдім. Әріптесім екеуіміз оны сыртқа шығардық. Жүргізушінің денесі құрысып, тілін жұтып қоятындай болып жатты. Біз оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, демала бастағанда қызметтік көлікке салып ауруханаға жеткіздік, – деді Ақжаркен Мұқажан.
Белгілі болғандай, көлік жүргізуші инсульт алған. Оның өмірі өлім ауызында болған. Дәрігерлер қазір азаматтың денсаулығы бірқалыпты екенін айтты.