×

Киіктерді сақтап қалу: Батыс Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады

Шаруалар «киіктер көп, бізге шөп қалмайды» деп отыр

 Қымбат Елтайқызы 30.05.2022 | 17:30
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның батыс өңірінде шілдеден бастап ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады, деп хабарлайды экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

Осы жылдың шілде айынан бастап БҚО-да «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылады. Бұл туралы экология вице-министрі Әлия Шалабекова аталған өңірге жұмыс сапарымен барғанда жергілікті шаруалармен кездесу кезінде айтты.

Экология министрлігінің өкілдері БҚО-ға іссапармен барды. Онда Жәнібек ауданының жергілікті шаруаларымен кездесті. Жиында соңғы жылдары көбейген киік мәселесі көтерілді. Өйткені Орал популяциясындағы киіктер саны 800 мыңнан асқан. Тұрғындар төрт түлік жайылымында көгал қалмайтынын айтады.

Киіктердің көптігінен біз – шаруалар жапа шегіп жатырмыз. Жайылымға миллионға жуық киік келсе, ол жерде ешқандай шөп қалмайды. Бұлардың саны айтарлықтай көп. Қалай да азайту керек, - деді БҚО Жәнібек ауданы Күйген көл ауылының тұрғыны Боранбай Айтқалиев.

Экология министрінің орынбасары киіктерді аулау үшін биологиялық негіздеме керектігін айтады. Дегенмен осы мәселеге қатысты министрлік тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сондай-ақ жиында вице-министр шілдеден бастап осы өңірде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылатынын айтады. Осы арқылы Орал популяциясындағы киіктің 250 мыңға дейін басын аталған аумақта ұстап тұру көзделмек.

«Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы қаулы шықты. Қаумал ауданы 314504,1 гектарды, резерват ауданы 343040,1 гектарды құрайды. Олар Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының аумағында орналасады. Мұнда киіктің 250 мың басына дейін сақталады», - деді Шалабекова.

Қазақстан аумағында Бетпақдала, Орал, Үстірт сияқты киіктердің әлемдік популяциясының 95%-дан астамы мекендейді. 2016 жылы елімізде жалпы киіктің саны 100 мың бастан сәл асқан. Табиғат сақшыларының жүйелі жұмысының нәтижесінде қазір олардың саны бір миллион бес жүз мыңға жуықтаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама