Мүгедек балалары бар ата-аналарға қосымша еңбек демалысы беріледі - Тоғжанов
Үкімет, жұмысшылардың республикалық бірлестігі және жұмыс берушілер арасындағы бас келісім жүзеге асырылып жатыр
Елімізде мүгедек балалары бар ата-аналарға ақысы төленетін қосымша еңбек демалысын беруді көздейтін заңнамалық түзетулер қарастырылып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылған.
«Еңбек кодексінің 89-бабына сәйкес, жұмысшылармен еңбек, ұжымдық келісімшартпен қосымша ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы белгіленуі мүмкін. Осылайша, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жұмысшыға ақысы төленетін қосымша еңбек демалысын беру мәселесін тараптар еңбек, ұжымдық келісімшарт аясында шеше алады», - деді ол жауабында.
Айтуынша, бұл мәселе өте өзекті. Сондықтан жұмыс берушілермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірге заңнаманы жетілдіру, Әлеуметтік кодекс әзірлеу аясында қаралатын болады.
«Бұған қоса, бүгінде Үкімет, жұмысшылардың республикалық бірлестігі және жұмыс берушілер арасындағы бас келісім жүзеге асырылып жатыр. Онда келісім және ұжымдық келісімшарт аясында әйелдердің, жастар мен мүгедектердің негізгі құқықтары мен кепілдерін жүзеге асыруға жұмыс берушінің жағдай жасауы көзделген», - деді Ералы Тоғжанов.