Ақмола облысында ауыл әкімі сотталды
Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды
Ақмола облысында өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны және алаяқтық жасағаны үшін ауыл әкімі сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, 2021 жылы Атбасар ауданында ауыл әкімі әкімдік атынан әрекет ете отырып, ЖШС директорымен Полтавка ауылындағы кентішілік жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан. Аталған ЖШС-ның құрылтайшысы директор болмағандықтан, қол қою құқығы болмай, ЖШС-ның шотына бюджет қаражатын аудару үшін 40 млн теңгеге орындалған жұмыстардың жалған актілерін жасап, қол қойған. Сотталушы актілер мен орындалған жұмыстардың бағасы туралы анықтамалар дұрыс емес, жалған екенін біле тұра, қабылдап, оларға қол қойған.
Сот үкімімен ауылдық округтің әкімі лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны (ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы) үшін мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен 2 жылға бас бостандығынан айыруға, ЖШС-ның құрылтайшысы Г. аса iрi мөлшерде алаяқтық (ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) жасағаны үшін материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, – делінген сот хабарламасында.
Заңсыз жасалған актілердің салдарынан мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді. Үкім шығарылғанға дейін келтірілген залалдың сомасы сотталушылармен өтелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.