×

Антикор мемлекеттік қызметкерлерге жемқорлық салдарын абақтыға апарып көрсетпек

Сонымен қатар, сот отырыстарында профилактикалық жұмыс тәжірибесіне еңбек ұжымдары да қатысады

 Еркеғали Болатұлы 27.02.2024 | 09:29
фото: tass.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік қызметкерлерді уақытша ұстау изоляторларына апарып, экскурсия жүргізеді. Агенттік мұны сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу мақсатында жүргізілетінімен түсіндіреді.

Бұл туралы брифингте cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді. Оның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Тергеу изоляторларына осындай экскурсиялар арқылы оларға түрмеде болу ауыртпалығын сезінуге, сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыстық құқықбұзушылықтардың салдарымен таныстыруға мүмкіндік береді, – деді Арман Тілеукенов.

Сонымен қатар, сот отырыстарында профилактикалық жұмыс тәжірибесіне еңбек ұжымдары да қатысады.

Мысал ретінде ол өткен аптада Ақтөбеде мемлекет қазынасынан 413 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған №55 мектеп-гимназиясының есепшісіне қатысты сот болғанын келтіреді.

Сот ашық режимде өтті. Процесті облыстағы 403 мектептің барлық білім бөлімдерінің қызметкерлері: директорлар, есепшілер, мұғалімдер онлайн режимінде бақылап отырды, – деді агенттіктің ресми өкілі.

Брифингте бұл әдістердің мемлекеттік қызметкерлерді қорқытуды көздемейтіні атап өтілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама