38 жастағы азамат алған оқиға орнында көз жұмды
Челябі-Новосібір автожолының 498-ші шақырымында болған жол апатынан скутер жүргізушісі қаза тапты. Жол апаты Мамлют ауданының Покровка ауылы маңында болған.
50 жастағы ресейлік азаматттың басқаруындағы Mitsubishi Canter рефрижераторы бір бағытта келе жатқан Honda скутерімен соқтығысқан. Скутер жүргізушісі – аудан орталығы Мамлютка қаласының 38 жастағы тұрғыны. Ол алған жарақаттарына байлансты оқиға орнында қаза тапты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ Тайынша ауданында да скутер мінген жүргізуші жол апатынан ұшырады. Мұндай оқиға Петропавл қаласында да тіркелді. Зардап шеккен азаматтардың қатарында скутер жүргізушілері де, жолаушылары да бар. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында скутер жүргізушілеріне қатысты үш бірдей жол апаты тіркелді.
«Көктемгі-жазғы маусым келісімен профилактикалық жұмыстарды күшейттік. Жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мотошлем және жарықтандырғыш құралдарын пайдалану, жылдамдықты асырмау, жол ережесін білмейтін, он алтыға толмаған тұлғалардың көлік басқаруына жол бермеу сияқты басты дүниелерді ескертеміз. Сондай-ақ, 14 жасқа толмаған велосипедшілер, мопед, скутер жүргізушілері жолдың оң жағымен жүріп, басқаларға кедергі жасамауға тиіс. Маневр жасар алдында қауіпсіздікке көз жеткізуі керек. Скутер міну үшін жол ережесінен емтихан тапсыру талап етілмесе де, оларды толық сақтау қажет. Өйткені, жол қозғалысына қатысушылардың денсаулықтары мен өмірлерін аман алып қалу маңызды», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.