Ұлттық спортта арулардың үлесі артып келеді – спортшы
Гүлдана Алыбаева V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр
Қазақстанда әйелдердің ұлттық спортқа деген қызығушылығы артып келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соңғы жылдары ұлттық спортта қыздардың үлесі артып келеді. Бүгінде республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген арулар бар. Соның бірі – Жетісу облысының спортшысы, ҚР жамбы ату құрама командасының мүшесі Гүлдана Алыбаева. Ол жамбы атумен 2018 жылдан бастап айналысады.
«Бұл спортпен айналысуды 6 жыл бұрын бастадым. Бала күнімнен атқа мінуге әуес болдым, бәлкім жамбы ату спортымен айналысуымның басты себебі сол шығар деп ойлаймын. Ең алғаш садақ ұстап, садақ атудың қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкерім – Сарсенбай Құлбаев ағай. Қазіргі бапкерім өзімнің әкем – Серік. Ең алғаш рет 2018 жылы Әлия, Рамина деген қыздармен жарысқа шықтық. Ер балалармен жарысып бірнеше жарыстан жүлделі орынға ие болдық. Сол жылы Қырғыз елінде өткен Салбуурун жарысында үшеуміз 1, 2, 3 орындарды иелендік», - дейді спортшы.
Спортшы 2018 жылы «Алтын тұғыр» ұлттық спорт сыйлығына ие болып, бапкері «жыл жаттықтырушысы» атанған. Оның айтуынша, ұлттық спортта арулардың үлесі артып келеді.
«Қазір елімізде жамбы атушы қыздар саны көбейіп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бізде жарыстар ерлер мен әйелдер деп бөлінбейтін еді. 2023 жылдан бастап қыздардың жарысы бөлінді. Әлбетте, қыздарға ер балалармен жарысу қиындау. Сондықтан енді қыздардың жамбы атуға деген қызуғушылығы артып, деңгейі өседі деп ойлаймын. Мен қазір Қарасай аудандық ұлттық спорт мектебінде жамбы атудан жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. 10-ға жуық оқушы қыздарды жамбы атуға дайындап жатырмын. Аптасына кеміне 2-3 күн (3 сағаттан) дайындаламыз. Жаздың күндері қыздар мүлде үйіне қайтқысы келмейді. Аттың жанында сағаттап жүре беруге дайын», - деп қосты ол.
Сондай-ақ спортшы жамбы атудың денсаулыққа пайдасы зор екенін атап өтті.
Садақ атудың көздің бұлшық етті жұмысына, мидың жұмысына, арқа бұлшық еттеріне пайдасы өте көп. Атқа мінген адамның барлық денесі қозғалыс үстінде болады, әсіресе омыртқа, аяқ буындары ауыратын адамдарға пайдалы. Аттың үстінде садақ ату оңай емес, бірақ денсаулыққа берер пайдасы өте көп, - дейді Гүлдана Алыбаева.
Айта кетейік, Гүлдана Алыбаева бірнеше республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Оның қоржынында Салбуурун – 2018 жарысы, «Ұлы дала рухы» фестивалі, Шымкентте және Алматыда өткен республикалық турнирдің корей нысанысы бойынша және т.б. жарыстардың жүлделері бар. Қазір Гүлдана Алыбаева биыл Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр.