Halyq Uni логотип
×

Қызылорда облысында 4 жастағы баланың асқазанынан бір жарым келі шаш шықты

Баланың қазіргі жағдайы қалыпты

 Динара Амантай 30.05.2022 | 15:57
Қызылорда облысында 4 жастағы баланың асқазанынан бір жарым келі шаш шықты
Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында 4 жастағы балаға ота жасалып, оның ішінен салмағы 1,5 келі шаш алынған. Бұл туралы Қызылорда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айгүл Ағымбаеваның айтуынша, бала тәбеті болмау, іші ауруы, құсу секілді шағымдарымен түскен.

Тексеру және диагноз қою кезінде ісік тәрізді түзілім анықталды. Баланың жағдайы ауыр деп танылды. Оған «Асқазанның трихобезоары» диагнозы қойылды. Балаға шұғыл түрде ота жасалды, – деді Айгүл Арғымбаева.

Отаны хирург Әлімжан Төлегенов пен анестезиолог Игорь Самсонов жүргізген. Олар баланың асқазанынан салмағы 1,5 келі, ұзындығы 40 сантиметр болатын шашты алып тастады. Ота сәтті өтті.

Отадан кейінгі баланың жағдайы қалыпты. Ол хирургия бөліміне ауыстырылды, – деп толықтырды бөлім меңгерушісі.

Трихобезоар - асқазандағы бөгде зат, ол өзара тығыз жабысып қалған шаштардан тұрады. Көбінесе ол балалардың түрлі психологиялық қысымға түсуіне байланысты шаштарын шайнап, жұтып қоюынан болады. Жылдар бойы бәрі жиналып, асқазанды толтырады. Кейін ол ішіп-жегенін қорыта алмай қалады да, тәбеті тартпай, құса беретін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама