Қасиетті айда жағдайы бар адамдар мұқтаждарға көмектесуге тиіс
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы Рамазан айының басталуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдасқан. Нәтижесінде биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітілген.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады, ал сәуірдің 6-сына қараған түн қасиетті Қадір түні болады. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ бас мүфти кәсіпкерлерге үндеу жасады.
Оларды мүмкіндігінше әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземін.
Сондай-ақ барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамыз. Қасиетті айда шамасы келген кісілер мұндай сауапты әрі халыққа пайда тиетін істерге қолғабыс болып, көмек беріп, қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болады», - деді ол.