Cу заңнамасын бұзғандарға 13 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
Былтыр 64 тексеріс болып, 129 заң бұзушылық анықталды
Былтыр су заңнамасын бұзғандарға жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары былтыр су заңнамасының талаптарын сақтау бойынша 64 тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде 129 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлады ведомство.
Атап айтқанда, су нысандарын заңсыз басып алу, рұқсат етілген көлемнен артық су алу, су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану ережелерін бұзу, заңсыз су ұңғымаларын бұрғылау, жерасты суларын алу құрылыстарын салу, суды бастапқы есепке алу тәртібін бұзу және есепке алу деректерін бұрмалау сынды бірқатар бұзушылық тіркелді, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 56 ұйғарым беріліп, 63 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Бүгінде су заңнамасын бұзғандардан 11 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, елімізде су ресурстарын қорғау мәселесі өте өзекті. Судың «қара нарығын» жою және оның шығынын бақылауды қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі бассейндік инспекция штатын 1,5 есе көбейтті. Егер бұрын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны – 242 адам. Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінде бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын да беру көзделген. Ал Кәсіпкерлік кодекс су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалармен толықтырылатын болады.