×

«Өмірін еліне, халқының мұң-мұқтажына арнаған мемлекетшіл жан». Астана жұрты Сейдахмет Құттықадамды ақтық сапарға шығарып салды

Марқұмның жаназасына мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналып, естелігін айтып берді

 Ербол Тұрымбет 05.03.2024 | 15:11
фото: Halyq Uni

2 наурызда белгілі публицист, саясаттанушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бүгін Республикалық бас мешітте белгілі публицист, саясаттанушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамды жұртшылық ақтық сапарға шығарып салды.

Марқұмның жаназасына мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналып, естелігін айтып берді.

Сейдахмет Рысқожаұлымен (марқұм) жақын араласқан жандардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов ол кісіні сонау 1980-жылдардан бері білетінін айтты.

Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін, алған соң да мемлекетті демократиялық өркениетті етіп, алдыңғы қатарлы басқа елдердің тәжірибесімен құруға бар күшін салған мемлекетшіл азамат. Басынан бастап өз білімін, көзінің ашықтығын пайдаланып, таза патриоттық мінезімен халқымызға зиян келтірген қоғамдағы әр түрлі күштермен күресті, - дейді ол.

Одан бөлек, Қазақстан халқы мен мемлекетімізді журналист, публицист ретінде халықаралық деңгейде таныстырғанын да атап өтті.

«Қайтар күні маған қоңырау шалып, «Сабыр, сен бір келіп кетсең» деді. Алдында жігіттер арқылы хабар берген. Комиссия жұмысымен қолым тимей жүрген. Жағдайын даусынан сездім. Бәрін тастап бардым, біраз әңгіме айтылды. Өмірмен қоштасарын өзі де сезген ғой. Бір-екі пікірін аманаттап кеткендей болды. Сондықтан бұл кісі маған дос ретінде ерекше. Тіпті, біз рухани доспыз. Көзқарасымыз бір. Мемлекет құрылысына, саясатқа көп жағдайда бір ұстанымда болдық», - деді Сабыр Қасымов.

Сейдахмет Рысқожаұлымен қызметтес болып, өмірде де жақсы араласқан серіктерінің бірі қаржыгер, экономист, Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Ғалым Байназар Арқалықта марқұммен бірге жұмыс істеген жылдарын еске алды.

«Сейдахмет – біздің бауырымыз, ініміз, туысымыз. Негізі ата-бабасы қасиетті Торғай топырағынан. Кешегі 1928-1930 жылдардағы қилы замандарда бабалары Түркістанға қоныс аударып, өзі сол жақта өмірге келген. Торғай облысы құрылған кезде біз оны Арқалыққа шақырып алдық. Сол Арқалықтың университетінде өнімді еңбек етті. Сол жерде кандидаттық диссертация қорғап, Мәскеуде аспирантура бітірді», - дейді экономист.

Кейін Торғай облысы Қостанай облысының құрамына қосылып, Сейдахмет Құттықадам Алматыға қызмет ауыстырған. Сондай-ақ, алып шаһарда жүріп мемлекеттік саясатқа, халықтың мұң-мұқтажына араласа бастаған.

«Өзі тұстас орта тапты. Сол кездегі конструктивті оппозицияның бел ортасында солардың көрнекті басшыларының, қайраткерлерінің бірі болды. Сөйтіп, бар өмірін қазақ еліне, халықтың мұң-мұқтажына жұмсады. Халқының жанашыры, жоқтаушысы, саясаткер болды. Бір жағынан ғылыммен айналысты. Көптеген салада үлкен жетістікке жетті. Журналист болды, кейін үлкен жазушы болып, артында үлкен мұра қалдырды. Бүгін Қазақстанның осындай асыл азаматымен қоштасып отырмыз», - деп еске алды Ғалым Байназар.

Ал «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай партия құруда Сейдахмет Құттықадамның ақыл-кеңесіне жүгінгенін мәлім етті.

«Байтақ» жасылдар партиясы 2016 жылы қозғалысымызды құрған кезде Сейдахмет Құттықадам ағамызды қоғам қайраткері, саясаттанушы ретінде партияға шақырып, сол кезде бірге жұмыс істегенбіз. Ол кісі бізге партия құрылымы туралы жақсы идеялар айтып, көп кеңес берді. Біз сол кісінің кеңесі бойынша жұмыс істедік. Одан кейін «Таза ел» деген өз газетімізді құрдық, соның бас редакторы болды», - деді Азаматхан Әміртай.

Сондай-ақ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлының досы Сейдахмет Құттықадамның қазасына орай жазған «Сейдахмет, қазақтың Батырысың!» атты жоқтауы оқылды.

Сейдахмет, қазақтың Батырысың!

 

Сені ойласам, ғажайып ғайып бір ән,

Денемдегі дертімді айықтырам.

Түркістанның төрінен түлеп ұшып,

Сарыарқада самғаған

Сайыпқыран.

 

Алау жағып алдыңнан арман келген,

Жоғарыға жақпадың салған жерден.

Салауатты сөз айттың туған елге,

Аман-есен оралып самғау белден.

 

Кедергіге дес бермей, тоғанына,

Сен әйтеуір жақпадың жоғарыға.

«Оңбаған» деп айтса да кейбіреулер,

Оңдап жұмыс істедің қоғамыңа.

 

Қарсы тұрдың дәуірдің дауылына,

Жақын жүрдің үнемі тау ұлына.

Биліктегі көп адам жек көрсе де,

Тарта білді қалың ел бауырына.

 

Түскен кезде алапат басына елдің,

Алтынбектей асылдың қасына ердің.

Кейбіреулер шаттығын тойлап жатса,

Сен халықтың күйзелген жасын көрдің.

 

Қай кезде де тартады қиял-үміт,

Ұмытпайды ісіңді зиялы жұрт.

Ақ қағазға айттың сен ардың сөзін,

Қаламыңа көз жасын сия қылып.

 

Өйткені, Ер Шақшақ ұрпағысың,

Туралықтан болған жоқ бұлтарысың.

Сені қосып айтады тізіміне,

Ахмет пен Міржақып жұрт арысын.

 

Торғайыңнан тараған тектілердің,

Осы күнгі бірі сен деп білемін.

Торғай менен Түркістан бөлінбейді,

Алаулаған төсінен отты көрдім.

 

Ырза болып өзіңе осы халық,

Осы болар жөн сөздің жосығы анық.

Бүгін елден қоштасып кеткеніңмен,

Жақсыларды жата бер қасыңа алып.

 

Белгілі ғой әйтеуір кетеріміз,

Өтер бәлкім талай қыс, өтеді күз.

Бауырына басатын бөліп-жармай,

Қасиетті Жер біздің мекеніміз.

 

Сүйе білдің қазақтың қауымын шын

Алған жүктің көтердің ауырын тым.

Осы саған айтатын соңғы сөзім,

Әрі туыс, әрі дос, бауырымсың.

 

- Нағыз ақын жазықсыз күймесін деп,

Жүрдің алыс, зияным тимесін деп.

Өзің емес, сол кезде мені ойладың,

Үкіметің лайық сый берсін деп.

 

Ұмытамыз қалайша осы адамды,

Талай-талай құлатқан қашағанды.

Сейдахмет, қазақтың Батырысың,

Рухыңмен сол үшін жаса мәңгі!

 

Айта кетелік, Сейдахмет Құттықадам 1946 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Қазақ химия-технология институтын бітірген. Техника ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстанның құрметті журналисі.

Осы жылдар ішінде ол республикалық басылымдарда – «Мысль» және «Арай» журналдарында, «Время-Дәуір» және «Эпоха» газеттерінде бас редактор қызметін атқарды.

1992-993 жылдары Қазақстан Республикасының Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары болды.

«Дао Алтая» («Алтай Даосы»), «Служение нации» («Ұлтқа қызмет ету») және «Казахская драма» («Қазақ қасыреті») кітаптарының авторы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама