×

Ақпаннан бері қамауда отырған экс-министрге қатысты іс әлі сотқа жетпеген

Мұрат Бектановты қамау мерзімі ұзарды

 Ербол Тұрымбет 30.05.2022 | 15:30
Мұрат Бектанов, фото: ашық дереккөзден

Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қамау мерзімі 20 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы Алматы сотының баспасөз қызметінен хабарланды.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты экс-министрді қамауға алу мерзімін 20 маусымға дейін ұзарту туралы шешімді 13 мамырда қабылдаған.  

Мұрат Бектановқа қатысты іс әлі сотқа жетпеген.

2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

2022 жылғы 20 ақпанда М. К. Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңес барысында президент Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.

Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Қорғаныс министрін сынға алып, Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағанын, министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмағанын ашық айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама